Атырау облысындағы қорымдардан елде бұрын-сонды кездеспеген бұйымдар табылды
Атырау облысындағы Қарабау ауылының солтүстігінен 10 шақырым жерде орналасқан "Қарабау-2" қорғанына жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның жетеуінің тоналмағаны анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қабірлерді зерттеу барысында біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынғаны белгілі болды. Олардан түрлі әшекей бұйым, заттар, қару-жарақтар мен керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды.
Археологтардың сөзінше, мәйіттерді топтап жерлеген жағдайлар да кездескен. Обалардан табылған әшекейлер мен пайдаланған бұйым мен қару-жарақтарға қарап мамандар "патшалық обалар" деген баға беріп отыр.
"Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деп есептеп келген. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап Каспий ойпаты, Жайық, Жем өзенінің маңы кезіндегі үлкен империяның орталығы деп айтуға болады. Жалпы табылған жәдігердің саны мыңға жуықтайды. Оның жүз шақтысы - алтын әшекей мен зергерлік бұйым. Олар аң стилі негізінде жасалған. Сол дәуірде өңірді мекендеген жыртқыштардың бейнесін (барыс, қабан, жолбарыс, киік) табылған заттардан байқауға болады. Осы зерттеу жұмысының аясында бұрын кездеспеген ағаштан жасалған қос тостаған жақсы күйде сақталыпты. Қазір олар реставрацияда", - деді археологиялық экспедицияның басшысы Марат Қасенов.
Жалпы 3 оба қазылған. Әрқайсынан шамамен 10-15 қабір анықталып отыр.
Археологтардың айтуынша, сарматтар тәңірлік діни көзқараста болғандықтан қолданған бұйымдарымен қатар, қолданған заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. "Қарақұдық-1", "Қарақұдық-2" қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 9,7 шақырым қашықта орналасқан. Қос қорғанды зерттеу барысында да күміс пиктограмма (ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), зергерлік бұйымдар, тұрмыстық бұйымдар, темір мен қоладан жасалған қару-жарақтар сынды дүниелер табылды.
"Елімізде бұрын-сонды кездеспеген алтын тұтқасы бар сынама тастың екеуі "Қарабау-2" қорғанынан табылды. Бұрын сарматтықтар алтынның дұрыстығын, яғни сапасын осы тас арқылы анықтаған. Қазір осындай тасты алтын сатып алумен айналысатындар пайдаланады. Жерлеу орындарынан адамның киіміне тағылған алтын жапсырмалар да табылған. Олардың салмағы 2 грамнан басталады. Ең ауыр алтын әшекей - екі жағында тау барысы бейнеленген білезік. Оның салмағы - шамамен 370 грамм", - деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-ғылыми зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаев.
Қазба жұмыстарына 20 жұмысшы мен музейдің 5 қызметкері қатысқан. Астана мен Алматы қаласынан антропологтар шақырылған. Жалпы барлау жұмыстарының нәтижесінде Қарабау ауылының маңындағы обалар 2005 жылы анықталған.
Археологтардың айтуынша, қазір Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар.