«Бір ай тұру үшін ақша керек» деді» - Алматыдағы өртте қаза тапқан марқұмның бауыры
Алматыдағы хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза тапты. Оқиға кезінде қаза тапқандардың бірінің інісі Әнуар Сыдықов ағасы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Оның сөзінше, төтенше жағдай кезінде туған бауыры көз жұмған. Бұл туралы колледжден хабарлаған.
"Туған бауырым өрттен қаза тапты. Колледжден хабарласып, "арты қайырлы болсын, бауырың өртеніп кетті" деді. Жұмыстан сұранып, бірден осы жерге мүрдені тануға келдім. Анамыз екеуміз кірдік. Сол екен. Оның жасы 22-де еді. Нақты қайда жұмыс істейтінін білмеймін, бірақ жұмыс істейтінін айтатын. Алматыға кішкентай кезімізде келдік. Анам, бауырым, мен - бәріміз бөлек-бөлек тұрдық. Арзан болған соң хостелде тұрған болуы керек. Қанша уақыт ол жерде тұрғанын білмеймін. Маған ешқашан хостелде тұратынын айтқан емес. Пәтер жалға алып тұрамын дейтін. Ол студент емес. Колледжге хабарласып, мүрдені тану керек екені туралы айтылған. Содан кейін олар бірден маған хабарласты", - дейді ол.
Марқұмның бауыры оның қандай адам болғанын да айтты.
"Жақсы, мейірімді адам еді. Бірақ жақсы адамдармен байланысқан жоқ. Достары мүлде болмады десе де болады. Бір апта бұрын кездестік. Оған көмек керек болды. Ақшам болмады, сағатымды бердім, соны ломбардқа тапсырды. "Бір ай тұру үшін ақша керек" деді. Сағатты беріп, ломбардқа тапсырып, тұрған", - дейді ол.