«Әлі жолдасынан ажырамаған екен»: Полицей дәретханадан жаңа туған сәбиді қалай шығарып алғанын айтты
Бүгін - халықаралық балалар күні. Полицейлер айтулы күннің аясында баланы құтқарған сәттерін еске алды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Амангелді Мұқашев бірнеше жыл бұрын дәретханадан жаңа туған нәрестені қалай алып шыққанын әңгімеледі.
"Қателеспесем, бұл 2015-2016 жылдары болды. Кезекшілікте тұрған кезде жергілікті тұрғын үйлердің бірінің дәретханасынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабар келді. Оқиға орнына тез жеттім. Жедел жәрдем медбикесі "бала өлді" деп қорқып айғайлап жатты. Бірақ дәретханадан жаңа туған нәрестенің дауысы естілді. Шұңқырға қарап, дәретхананы итеріп жібердім де, оны ақырын көтеру үшін төменге түстім. Нәресте әлі жолдасынан ажырамаған екен. Мен бірден жоғарыға көтеріліп, оны сыртқа шығардым. Баланың періштесі қақты деуге болады, өйткені шұңқырдың ішінде менің өзіме ауа жетпеді, тұншығып қалдым", - дейді полиция қызметкері.
Нәрестеге оны құтқарған тәртіп сақшысының құрметіне Амангелді есімі беріліпті.