Түркістан облысының Полиция департаментінде саптық байқау өтті
Бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында, Түркістан облысы Полиция департаментінің жаңа ғимаратының алаңында жеке құрам мен қызметтік автокөліктің саптық байқауы өтті.
Іс-шараның ашылуында Түркістан облысы ПД жеке құрамы бейнеконференциялық байланыс арқылы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен дидарласты. Министр өз кезегінде полиция қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтап, мейрам кезінде күшейтілген режимде қызмет атқаруды тапсырды.
Байқауға Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, департамент басшылығы және сыртқы құрылым сақшылары қатысты.
Шара кезінде облыстың бас полицейі тәртіп сақшыларының нысанды киімдерін, қызметтік куәлік, бейнежетон мен планшеттердің жарамдылығын, сондай-ақ қызметтік автокөліктің техникалық жағдайын тексерді.
Саптық байқау соңында қызметтік міндеттерін орындауға кіріскен патрульдік полиция автоэкипаждарының салтанатты түрде жүруі ұйымдастырылды.
Айта кетсек, мерекелік күндерге байланысты облыс сақшылары 16-наурыздан 24-наурызға дейін күшейтілген режимге көшті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі