Алматы қаласының әкімі ұлымен бірге автобусқа мінді
Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына ұлымен бірге фотосын жүктеді. Бір қызығы, бұл фотоға қала әкімі мен оның ұлы автобуста түскен. Аталған фото жұрттың қызығушылығын туғызды. Пост астында Бауыржан Байбек соңғы уақытта қалада орын алған бірқатар өзгерістер жөнінде жазды.
"Жексенбі күнін балаларыммен Панфилов көшесінде өткізбекші болдық. BRT линиясында 205 автобусты күтіп тұрып, аялдамадағы қағаз графикте аталмыш бағыттағы автобустың жоқтығын байқап қалдым. Алайда, қоғамдық көлік электронды таблоға сай, уақытылы келді.
Соңғы екі жылда Алматы автобус паркі 80%-ға жаңарды. Бірақ, әлі де жұмыс көп. 38 маршрут бойынша жүретін ескі автобустарға қатысты шағымдар көп түседі.
Жақында тағы 500 автобус келетін болады. Бұл бағытта жүретін автобусты бірінші болып ауыстыратын боламыз.
Панфилова мен Төле би көшесінің қиылысына жеттік. Алматылықтардың көңіл-күйі жақсы. Бәрі күліп жүр. Айнала толған мейрамханалар мен кафелер.
Гоголь көшесіндегі кітап дүкеніне кірдік. Іші толған жастар. Бұл жайтқа қатты қуандым.
Үйге метромен қайттық. Ескі станциялардың көбісінде қозғалысы шектеулі адамдар үшін жағдай жасалмаған. Әжетханалар жоқ. Жаңа жобаларда бұл мәселе қолға алынады", - деп сөзін қорытындылады қала әкімі.