Саяси партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылды
Жаңа Қазақстан өз дамуының жаңа белестерін бастан кешіріп жатыр. Саяси партиялардың құрылуы-мемлекеттің саяси институттарының нығая түскендігінің белгісі. Партиялық құрылымдардың қалыптасуының кәсіби кезеңі басталды. Мұның мемлекет үшін қажеттігі бар. Қазақстанда бүкіл қоғамдық институттар орнығып жатыр. Демек оның іргетасы әлдеқайда сенімді болмақ.
Елімізде демократиялық қоғам және құқықтық мемлекет құру кезеңінде саяси партиялардың тиімді қызмет атқаруы үшін құқылық базаларын қалыптастыру ерекше маңызды. Қазіргі уақытта республикамызда заңда белгіленген тәртіппен тіргелген 7 саяси партия бар. Партиялардың негізгі
қызметтері: жекелеген пікірлерді, мүдделерді біріктіру, жүйелеу, қоғамдық деңгейге көтеру; басқа партиялармен бәсекелестікте болу; белсенді мүшелерін саяси элитаға енгізу; мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты тұрақты ету, дамыту; қоғамның дамуына байланысты белсенді жұмыстар атқару.
Қазақстанда саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар көп. Олардың бағдарламалары, алдарына қойған мақсаттары анық көрсетілген. Партиялардың демократиялық қоғамды орнатуда маңызы өте зор.
Қазақстан Республикасында саяси партияларды мемлекеттік тіркеу тәртібі 2002 жылғы 15 шілдедегі № 344 «Саяси партиялар туралы» Заңымен (бұдан әрі – Заң) қарастырылған.
Заңның 6-бабына сәйкес саяси партия саны бір мың адамнан кем емес, саяси партияның Құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады.
Бұл ретте азаматтар саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясына) жеке өзі қатысады.
Тіркеуші орган хабарламаны және жоғарыда аталған баптың 3-тармағында көрсетілген өзге де құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасына олардың ұсынылғанын растайтын құжатты (бұдан әрі - растау) береді.
Ұйымдастыру комитеті тіркеуші орган растама бергеннен кейін ғана өз қызметіне кірісуге құқылы (Заңның 6-бабының 5-тармағы).
Заңның 10-бабының 6-тармағына сәйкес саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) әрқайсысының құрамында кемінде алты жүз партия мүшесі бар кемінде жиырма мың партия мүшесі болуға тиіс.
Саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттар тіркеуші органға саяси партияның құрылтай съезі (конференциясы) өткізілген күннен бастап төрт айдан кешіктірілмей ұсынылады. Тіркеуші органға Заңның 10-бабында көзделген құжаттар ұсынылады.
Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу мерзімі тіркеуге өтініш берілген күннен бастап 1 айды құрайды.
Мемлекет басшысы жариялаған 2022 жылғы 16 наурыздағы Президенттік саяси реформалар бағдарламасына сәйкес «Саяси партиялар туралы» Заңға саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлатуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген:
- 20 мыңнан 5 мың партия мүшесіне дейін тіркеу шегін төмендету;
- өңірлік өкілдіктердің мүшелерінің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін азайту;
- партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту;
- филиалдарды құру мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұлғайту;
- құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 29 наурыздағы № 847 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс - шаралар жоспарына сәйкес
«Саяси партиялар туралы» Заңға түзетулерді қабылдаудың болжамды мерзімі-2022 жылдың желтоқсаны.
Партияны тіркеу талаптарын жеңілдету оларды құру бойынша бастамалардың артуына әкеледі, ал жоғарыда аталған жағдайларды ескере отырып, оларды құру процесін едәуір жеңілдетеді.
Осыған байланысты, саяси партияларды тіркеудің ережелерін құқықтық халыққа насихаттау мақсатында Түркістан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер, семинарлар, радио, теледидар, баспа басылымдарында ақпараттар жарияланып, саяси партияларды тіркеу бөлігіндегі ұсынылатын заңнамалық өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Балжан АЛИПБЕК,
Түркістан облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары