Денсаулық сақтау министрі Түркістан медицинасының жұмысына оң баға берді
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістанға жұмыс сапарымен келді. Іссапары барысында министрге облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов жаңадан бой көтерген жедел медициналық жәрдем станциясымен таныстырып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығын аралады. Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибелер орталығының жұмысын көріп, өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті.
Министр танысқан жедел жәрдем станциясы 25 бригадаға арналған. Жалпы облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадалары шақыртуларға қызмет атқарады.
Кездесу барысында министрге жедел жәрдем бригадалары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Министр медициналық мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, жұмысымен етене танысты.
- 10 мың халыққа бір-бірден бригада есептелген. Ал Түркістан облысы бойынша қазіргі таңда 2 млн 75 мың халық бар. Яғни 207 бригадмен қамтылу керек. Қазіргі таңда бізде 140 бригада жұмыс атқарады. Ауылды жерлерде бір-екі бөлмелерді жалға алып, бригадаларды орналастырып қойғанбыз. Қосымша бригадалар ашып, 100 пайызды қамтамасыз етемміз, - деді Түркістан облысы жедел медициналық жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ақайша Аманжолова.
Санитарлы автокөліктер шақыртуларға дер кезінде жедел медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған.
Онан соң ҚР Денсаулық сақтау министрі жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығын аралап көрді. Орталықта 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр. Заманауи үлгіде жасақталған оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.
Сондай-ақ сапар барысында министр Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Ондағы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын кабинет, балалардың ерте жастағы бақылауын қадағалайтын әмбебап прогрессивті моделі бойынша жұмыс жасайтын кабинет, сонымен қатар психологтармен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының жұмыс барысымен танысты.
Қала көлемінде емхана қаланың 94322 тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетуде. Бүгінгі күнде емханада 8 отбасылық дәрігерлік орталық бар. Емдеу мекемесінде консультативтік диагнотикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Айта кетейік, Түркістан қалалық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен.
Министр өңірдегі медицинаның дамуына қатысты қосымша талап-тілектер мен ұсыныстарын жеткізді. Облыс орталығындағы мекемелерді аралаған Ажар Ғиният жалпы өңір медицинасының жетілу қарқынына оң бағасын берді