КСРО-ны құлатқан - қазақтар, украиндар және литвалықтар

Oinet.kz 13-07-2022 929

Украин телеарналарын шолып отырып олардың қазақтарға деген үлкен ризашылығын байқап қаламын. "Біз белорустарды жақын бауырымыз дейміз, алайда олардан түк қолдау көрмедік, мыңқиып отырды да қойды, оның қасында алыстағы қазақтармен біз руһтас ағайын екенбіз, біз қазақтарға ризамыз" деген сөзді жиі естимін және оқимын.

Screenshot_1.jpg

Ол рас, украин соғысы басталғалы бері осы біздің қазекең үрпиіп олардың тілеуін тілеп ебіл - дебіл, дамыл таппай жүр. Украин блогерлерінің астында да қазақтар топырлап коммент жазып отырады. Олардың подписчиктері де толған қазақтар.

Оларды қолдау митингісіне де шықты, тонналап гуманитарлық жүк жіберді, ақшасын да жинады дегендей. Қазекең өліп тіріліп жүр ғой, өліп тіріліп... Украин халқы жалпы бізге тегі, тілі, діні бөтен халық болғанымен, олар бізбен тағдырлас халық. Қазақ пен украин ашаршылықты да бірге көрді, соғысты, репрессияны, орыстандыру саясатын, бір сөзбен айтқанда империяның езгісін бірге басынан өткерген халықтар.

Басқаның жөні басқамен, тап осы екеуі бірін бірі тонның ішкі бауындай сезуі заңдылық. Осы соңғы оқиғаларда қазақтың өз тағдырласын бір адамдай түсініп қызу қолдап отырғандығының бір себебі осы шығар. Мен бұрын "бізде ұлтшылдық, мемлекетшілдік деген түсінік кенжелеп қалған" деп осы қазақты жиі сынағандай болатынмын. Қазір шыны керек, мен іштей тіл көзім тасқа деп қазаққа риза боп жүрмін.

Жалпы, қазақ, украин, литва деген халықтар бұрыңғы совет кеңістігіндегі үш бунтарь халық еді. Кезінде осы үшеуі совет одағын тарқатып тынған болатын. 1986 да қазақтар желтоқсан оқиғасын дүбірлетті. Одан соң бүкіл совет елі "Алматыдағы құтырған қазақ ұлтшылдары" туралы шулап жатқанда, бұл оқиғадан руһтанған литвандар 1987 жылы өз ұлтшыл ұйымын құрып өз тәуелсіздігі үшін күресті бастап кетті.

Литва халқы түрлі акциялар ұйымдастырып бейбіт түрде Мәскеуден өз тәуелсіздіктерін талап етті. Содан 1990 жылы Литва өз тәуелсіздігін жариялап та жіберді. Литва — 1990 жылы - ақ одақтан шығып кеткен алғашқы тәуелсіз ел.

Одан соң Украин президенті Леонид Кравчук Украинада "Одақта қаламыз ба, қалмаймыз ба" деп референдум жариялап, Ельцинге барып оған 80 пайыздан астам тәуелсіздікті қолдаған украин халқының нәтижесін көрсетіп "біз де Одақтан шығамыз" деп табандап отырып алған болатын. Ельциннің оған көнбеуге амалы қалмаған еді.

Жақында қайтыс болған Л. Кравчук іс жүзінде сондай советтің жаназасын шығарушы адам - тын. Шын мәнісінде совет одағын осы үш бунтарь құлатып кетті. Үшеуі кремльді қақпайлай отыра күшті түсіріп кетті. Бастады, қостады, талап етті, заңдастарды.

Шыны керек баяғы совет кеңістігіндегі халықтар осы үшеуіне қарап қана бой түзейді.

Енді кеше қарап отырсам, Тоқаев путиннің қасында отырып сыпайы түрде оның бетіне былш еткізгендей болды.

Оны көрген Литва екі - үш күннен соң одан ары кетіп Калининград жолын бөгей салды. Мәскеуге ашықтан ашық "ал, істеп ал" дегенге келтірді.

Украинаның жағдайы анау..... яғни үш бунтарь тағы өз орнында. Сондықтан қыртымбай кеасоян миасаяндар жанданған совет одағын тек түсінде ғана көруі мүмкін, бұл үш бунтарь атына қонса, өлсе де оны болдырмайды. Әрине, жоқ емес, арамызда тоғышарлар да бар, жетеді. Жартылай мақтабас, ресей пропагандистерін көріп алып айдалаға лағатын қазақтілді қазақтар да баршылық.

Менің бір Сәбит деген көршім бар. Байғұс өзі жартылай мақтабас, кейде дау айтқандай болады.

Оның ойынша Ресейдің Украинаға соғыс ашуы:

— Украина сегіз жыл бойы Донбасты бомбылады

— Зеленский ядролық қару иемденбек болды

— Украина НАТО ға мүше болып НАТО ны өз жеріне орналастырмақ еді.

Одан соң амал жоқ путин соғыс ашуға мәжбүр болды. Сәбиттің сөзі осы. Дәлірек айтсақ бұл Сәбиттің сөзі емес, кремльдің методичкасы. Қазір пропагандистер осыны сәбиттерге сіңдіріп жатыр, олар бұ жерде осы методичкамен мықты жұмыс істеп отыр. Мақталы ел қазір тек қана осыны бір бірінің ауызына түкіріп қойғандай қайталауда.

"жаман неме, басың толы орыстың телеқоқысы, ертең ел шетіне жау келгенде сендерден сатқындық шықпаса нетті" деп Сәбиттің қитығына тиіп қоямын.

Анау "бізде ондай болмайды" деп қызарақтағандай болады.

Олжас Әбілдің Фейсбуктегі парақшасынан

Елена Рыбакина Алматыға келмейтінін мәлімдеді
Берешегі бар қазақстандықтар несие ала алмайды - Тоқаев заңға қол қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу