NIS оқушылары журналистер күніне орай БАҚ өкілдерімен кездесті
NIS мектептері арасында журналистер күніне орай өтіп жатқан медиа-марафонды Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жалғастырды.
Өңірдің БАҚ өкілдері жиналған жиын мектеп директоры Индира Исмаилованың құттықтауымен басталды. Білім ордасының басшысы бүгінге дейін мектеп жайлы БАҚ беттерінде 40-тан астам ақпарат жарияланғанын, cонымен қатар “Ontustik”, “Otyrar” телеарналарында оқушылардың тікелей эфирге бірнеше рет шығуының арқасында мыңдаған көрерменге танылғанын жеткізіп, жыл бойы ақпараттық қолдау көрсеткен журналистерге алғысын білдірді.
Медиа - марафон NIS TV оқушылары дайындаған “Журналист деген кім?” фильмімен жалғасты. Тілшілер мен тележүргізушілердің күнделікті қызметі жайында және эфир сыртындағы қызықты оқиғалар туралы түсірілген фильм бұл мамандықтың жауапкершілігі жоғары екенін тағы да танытты.
- Фильмнің түсіріліміне қатысып, кәсіби мамандармен араластым. Осындай жақсы адамдардың арасында өзімді журналист ретінде сезінуге мүмкіндік алдым. Нағыз журналистерді көріп, мамандыққа деген қызығушылым арта түсті,- деді NIS TV қатысушысы Ұлнұр Нұрходжаева.
Бір сағатқа созылған сұрақ-жауап айдарында білімгерлер қонақтарға түрлі сауалдар қойды Журналистиканың болашақ мамандықтар қатарынан әрдайым табылатыны, блогерлер мен ресми ақпарат көздерінің айырмашылығы тіпті медиа сауаттылық туралы сөз қозғалды.
– Әрбір ақпарат көзінің өз оқырманы, көрермені болады. Бәлкім газет оқитын, теледидар көретін адамдар саны кемігенімен бұл олардың мүлдем жойылып кетеді дегені емес, - деді “Amanat” партиясының баспасөз хатшысы Жанерке Жүсіпбек.
Оқушыларға ақпаратты тексерудің ең қарапайым жолдарын Otyrar телеарнасының журналисі Жанерке Хумар айтып өтті:
– Медиа сауаттылық әрбір адамға қажет, сауаттылықты арттыратын қосымша сабақтар өте көп. Дегенмен ақпаратты тексерудің ең қарапайым тәсілі фото арқылы білуге болады,- деді.
Мектептің саз өнері үйірмесінің жетекшісі Шынболат Кендебайұлы салмақты сауалдар айдарынан кейін медиа мамандарына саз өнерінен мастер-класс өтті. Барлық қонақтар өздеріне құмыра жасап, алған теорияларын практикада қолданды.
– Мен НИШ-ты жақсы көрем. Себебі мұнда ізденімпаз оқушылар өте көп. Әлеуметтік желілерден НИШ-тың балалары жоба жасағаны туралы көрсем “Ұлан”, “Ақжелкен” редакцияларына хабарлаймын. Өзім бала кезімнен осы газеттерді оқимын және ауылдағы балаларға осы оқушылардың жұмыстары серпіліс болсын деймін, - деді жиын соңында фотожурналист Әйгерім Бегімбет.