Ұлттық құрылтай жайлы бірер сөз!

Oinet.kz 16-06-2022 736

Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайымыз сөз жоқ уақыт талап еткен оң шешім болды. Бүгінгі демократиялық үрдіс дейсіз бе, кешегі дала парламентінің үлгісі дейсіз бе, қай жағынан алсаңыз да қисыны келіп-ақ тұр. 

Screenshot_4.jpg

Мемлекетте тың серпіліс тудырып, Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқан дәл осы кезеңде бұл құрылтайдың тіпті маңыздылығы арта түскендей. Күні бойы Ұлытауға қарай елеңдеп, сәт сайын әлеуметтік желіні ақтарып, жаңалық күтіп отырғанымызды несіне жасырайық. Меніңше елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын барша отандастарымыз сөйтті ғой деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін қайта жаңғыртуы, ұлттың ұлы тұлғасы Мұхтар Шахановқа деген құрметі, бәрі де төбе құйқамызды шымыр еткізер оқиғалар болды. Бұйырса әлі де талай сәтті шешімдер мен әділ үкімдердің куәсі бола берерміз. 

Хош, сонымен Ұлттық құрылтайымыздың жалпы құрамы жаман емес. Бірақ,  ұлттың бүкіл арман тілегі айқындалар осы бір құрылымның мүшелерін әлі де болса ауқымды қыла түссе деймін. Мысалы облыстардан тек бір ғана адамнан еніпті. Бұл меніңше өте аз. Облыстың құрамына кіретін әр ауданның жыры әр түрлі. Басынан бұлт арылмаған аймақтар мен отыз жыл бойы оң шешімі табылмаған мәселесі көп өңірлер бар. Олардың жырын Республика деңгейінде шешпесе облыс шеше алмайды. Ал енді облыстан мүше болған бір адам осы аудандардың мәселесінің бәрін толық көтере алады ма? Әлбетте ол мүмкін емес. Сол үшін Ұлттық құрылтайымыздың мүшелігіне әр ауданнан кемінде бір адам енсе деймін. Содан кейінгі тағы бір көңілімізді күпті еткен мәселе, тапсырыспен ғана пост жазатын бәлеқорлар мен арзан хайп қуған популистер емес, шынында да әр саланың жілігін шағып майын ішкен,  өз саласы бойынша нақты бір дүние жасап дәлелдей алған майталман мамандар құрылтайымыздың құрамынан табылса екен. Әйтпесе, талай дарынға тал бесік болған Баянауыл мен Павлодарда Алексей баладан салмақтырақ адам жоқ дегенге, немесе қазақылықтың қайнары болған Шымкентте Айгүл әпшеден артық тұлға жоқ дегенге кім сенер. Бұл кісілердің жеке басына, қоғамдық жұмысына еш дауымыз жоқ. Бірақ "Ұлттық құрылтай" деген ғасырлар көшімен үндескен ұлы жоба болғандықтан әрі олардан әлдеқайда лайық қазанаттарды көзіміз көріп тұрғандықтан айтамыз ғой. Бұл былай қарасаң "жынды Күлпаштан" басқа ұлттың сөзін сөйлеуге тұрарлық адам жоқ па сонда? деген қорлығы басым мысқылға алып келеді. Әрине, президентіміз құрылтай мүшелерінің бәрін өзі ұсынбағаны да анық қой. Ұлттың бетіне қалқып шыққан қаймақтарымыз осы деп айналасындағы жауапты азаматтар ұсынған шығар тізімін. Дегенмен келесі Түркістандағы құрылтайға дейін осы олқылықтардың орыны толтырылса деген ниет біздікі. 

Айтпақшы: Қай кезеңде де қоғамның мұңын жырлаудан таймаған айтыс ақындарынан бірде-бір адамның тізімде болмауы көңілімді қынжылтты. Қырық жыл айтыс көшін алға сүйреген Жүрсін Ерман ағамызды, болмаса бүгінгінің Асанқайғысы атанған Айбек Қалиевті,  тіпті айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековті, ақиқаттың алдаспаны Бауыржан Халиолланы,  мәжіліс майталманы Аманжол Әлтаевты, осы айтқан дарабоздардың ең болмаса біреуін құрамға қосса, құрылтайдың көркін ашпаса, беделіне сызат түсірмесі анық еді. Тізімдегі біраз кісілерге қарағанда бұл қара нарлардың өткірлігі де, халық алдындағы беделі де әлдеқайда биік қой. Көш жүре түзелер. Естуші мемлекетіміз осы тілегімізді ескерер деген сенімдеміз.

Біржан БАЙТУОВ, 

ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. "Қаратау" дәстүрлі өнер мектебінің басшысы

Cіз қандай ата-анасыз? Тест арқылы қандай ата-ана екеніңізді біліңіз
Президентті жақыннан көргенде тілім байланып қалды. Ол - тұлға! - Саясаткер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу