19 жасар ана қызын қалай өлтіргенін айтып берді
Алматы облысының Сарқан аудандық соты қызын өлтірген анасы мен әйелдің ағасына қатысты бұлтарпау шарасын қолдану мәселесін қарады. Оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот материалдарға сәйкес, 8 ақпанда 19 жастағы қыз ағасымен бірге таксиге отырған. Церебральды сал ауруына шалдыққан баласы да жанында болған. Үшеуі жолда түсіп қалған."Сол кезде ол ағасына тумысынан аурушаң және есепте тұрған баласына қарай алмайтынын, көргісі келмейтінін айтып, оны өлтіруге ұсыныс жасаған. Келіспеген жағдайда өзіне-өзі қол жұмсайтынын айтқан. Ағасы қарындасының сөзіне келісіп, екеуі баланы өлтіруге бел буған", – делінген сот хабарламасында.
Осыдан кейін екеуі баланы алып, қала сыртындағы бұрынғы зауытқа қарай барған. Сол жерде қоқыс төгетін жер болған.
"Дәрменсіз баланы жерге жатқызып, қылқындырып өлтірген. Баланың жан тапсырғанына көз жеткізген. Одан кейін мәйітті жасырып, төбешіктің үстінде сырттай бақылап тұрған қарындасын алып, оқиға орнынан бой тасалағандары анықталды", – дейді сот мамандары.
Қазіргі кезде екеуі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен ("Алдын ала сөз байласу арқылы жас баланы өлтіру") бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер жасаған қылмыстарын мойындап, үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасын сұраған. Бірақ тергеу аяқталғанша екі ай мерзімге күзетпей ұстау санкциясы берілді. Қаулы заң күшіне енген жоқ.