​NIS-те «Қазағымның әдебиеті» атты ауқымды жоба басталды

Oinet.kz 22-04-2022 894

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қазақ әдебиетіне арналған «Қазағымның әдебиеті» атты ауқымды жобаны қолға алды.

Screenshot_3.jpg

Оқушылар, ұстаздар және ата-аналарды белгілі ақын-жазушылармен жүздестіретін символдық қоңырау барлық NIS-те соғылды. Бірыңғай әдебиет сабағы мектептің YouTube арналары мен басқа да интернет-платформаларда тікелей эфирде көрсетілді. «Қазағымның әдебиеті» NIS-тің «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «Wikipedia», READx, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қоғамға қызмет ету», «Ғылыми орта», «Даналық бейсенбі», «100 ән», «100 күй» сынды әдеби және әлеуметтік жобаларымен тоғысып отыр.

Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен «Ағалар айтқан асыл сөз» атты кездесудің басты тақырыбын есімідері республикаға танымал тұлғалар – Смағұл Елубай, Жүрсін Ерман және Бекжан Әшірбаев ашып берді. Бірыңғай әдебиет сабағы мектепішілік «Нұр сазы» ұлт аспаптары оркестрінің орындауындағы Құрманғазының әйгілі күйі «Сарыарқа» мен Жүрсін Ерманның «Ертегі» өлеңі желісінде өрбіген шығармадан басталды. 9-сынып оқушылары атақты Смағұл Елубайдың қаламынан туған «Ақ боз үй» трилогиясының ең қызықты үзінділерін сахналады. «Ағалар айтқан асыл сөз» атты поэтикалық композицияда Жүрсін Ерманның «Өз үйім – өлең төсегім», «Болсам да өтіп кеткен жылдарға алаң» және Бекжан Әшірбаевтың «Бақыт жарнамасы», «Өмірбаян» атты өлеңдері оқылды. Мектепте Дүниежүзілік кітап күніне арналған қазақ әдебиетінің онкүндігі жалғасуда.

Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Айжан Табаракқызы, Ажар Ерболғанның қатысуымен қолтаңба-сессия өтті.

Петропавл қаласындағы NIS-тің әдеби кешіне Солтүстік Қазақстанның белгілі ақындары – Аманжол Зағыпар, Жарқын Жұпархан, Нұргүл Оқашева, Самрат Құскенов қатысты, олардың туындылары «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» деп аталған кездесудің тақырыбын айшықтай түсті. 9-сынып оқушысы Махаббат Тоқтар бірыңғай әдебиет сабағында танымал жерлестердің поэзиядағы жолын жалғастыруға ниетті екенін жеткізіп, меймандардың ақ батасын алды. Ал 12-сынып оқушысы Мағжан Мақтабек Жарқын Жұпарханның өзімен айтысқа түскенін мақтан тұтады.

Орал қаласында прозада да, поэзияда да, публицистикада да өзіндік орны бар Ғайсағали Сейтақ пен Мұнайдар Балмолда «Кейіпкерге 100 сұрақ» жобасына қонақ болды. Оқушылар олардың балалық армандары, адами қасиеттері, ақынның миссиясы, шалқар шабыт сәттері, қазақ тарихының бес маңызды кезеңі туралы ойларын ұйып тыңдады. Ең көп сауал Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Димаш Құдайбергеновтің репертуарындағы «Махаббат бер маған, тағдыр» әнінің тарихына арналды. 

– Ақындық – ерекше сый, ол ой толғаушы, не нәрсені де тереңінен көріп отыратын сұңғыла жан, – деп бөлісті кездесу қатысушылары.

Қызылордадағы NIS-те дәстүрлі «Даналық бейсенбі» жобасы алаңында Арал өңірінің ең танымал өкілдері – Рахат Наурызбаева, Қуат Адис, Тілеген Бекарыстанов, Толқын Қабылша, Ержеңіс Әбдиев және Мақсат Дауылбаймен жүздесу ұйымдастарылды. Оқушылар мен ата-аналар олардың шығармашылығы негізінде NIS-тегі оқуға деген қызығушылықты арттыру бойынша бірнеше өзекті жобаларды таныстырды, ал 7-сынып оқушылары қонақтардың туындыларына арналған иллюстрациялық көрме дайындады.

– Цифрландыру дәуірінде балаларды оқуға тартудың маңызы зор. Бүгін біз балалардың бойына кітапқа деген сүйіспеншілікті қалай тудыру керек екеніне куә болып отырмыз, ата-аналардың да атсалысқаны ерекше куантты, – деп бөлісті «Дәрумендер дауасы» кітабының авторы Қуат Адис.

Нағыз «Көкше дарындары» деп Ерболат Баятұлы, Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай, Серғазы Қайырболдыны айтуға болады. Көкшетаудағы NIS-ке келген танымал әрі жас ақындар тыңдаушылармен тең дәрежеде сырласты, ал қайым айтыс орындалған сәт оқушыларға ерекше әсер сыйлады.

Атыраудағы Зияткерлік мектеп оқушылары Гүлзада Ниетқалиева, Бақытгүл Бабаш және Ұлмекен Шаукеновамен өткен кездесуден кейін  өздері үшін маңызды қорытынды жасады – әйелдер мен ерлер поэзиясы жоқ, тек өткір өлеңдер мен нағыз жыр-жауһарлар бар.

Ақтөбедегі NIS-те қазақ әдебиетінің танымал өкілдерінің бай мұрасы туралы Оралбай Кәметияұлы айтып берді, ол көптеген эпостардың батыс өңірінде дүниеге келгенін ерекше атап өтті:

– «Қобыланды батырдан» бастауға болады. Сол сияқты «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырының бас кейіпкері Есет Көтібарұлы да осы өңірдің батыры. Қыз-Жібек пен Төлеген Ор өзенінің бойын мекен еткен. Жазба әдебиетінің негізін салған Әбубәкір Кердері де біздің жерлесіміз. Енді туған өлкеңнің әдеби дәстүрін жалғастыратын кезең өздеріңде.

Талдықорғандағы Зияткерлік мектепте өткен «Өнерімді еліме арнаймын» атты кездесу Жұматай Оспанұлы, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Есболат Айдабосын, Азамат Нұрмұхан және NIS түлегі, талантты прозаик Темірлан Қылышбектің басын қосты. Балалар атақты жерлестерімен бірге жаңа туындылар шығарды. Оқушылар қонақтардың ең танымал әңгімелері мен өлеңдеріне иллюстрациялар мен постерлер әзірледі, ал меймандар әр туындының тарихын баяндап берді.

Screenshot_4.jpg

Қарағандыдағы NIS оқушылары «Жүрегім менің – жанартау» тақырыбын өрбіткен Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров, Руслан Нұрбай және Ерік Нарынның өлеңдерін оқыды. Бұл кеш бәрінен де Інжу Мақан мен Каусар Арғынбайға ерекше көңіл күй сыйлады, олар әдеби дебютте өз шығармаларын көрермен алдына ұсынды.

– Талантты, дарынды балалардың басын қосқан білім шаңырағына келіп, ерекше атмосфераны сезіндік. Өнерге деген құлшыныс, өлеңге деген іңкәрлікті көріп қатты қуандық, бұл бізге шабыт сыйлады, – деп бөлісті ақын Қайрат Асқаров.

Тараздағы Зияткерлік мектеп оқушылары «Замандастар жырлары» әдеби жобасына енген «Туған жер», «Ұлға тілек» және басқа да туындыларды оқып, шығарма авторлары Үміт Битенова, Нұржан Қадірәлі, Шапағат Әбдір мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мерей Қарттың қолтаңбасы қойылған кітаптар Семейдегі Зияткерлік мектеп оқушылары үшін өмір бойы естелік болып қала бермек. Поэтикалық «Даналық бейсенбіде» мектеп ұжымы Мерей Қартпен бірге туған жердің даңқын асқақтатып, ұлы Абайдың әдеби дәстүрін жалғастырып келе жатқан Әлішер Қыдырбек, Темірлан Темірбай, Ерболсын Қасымбекті қарсы алды.

Нағыз поэзиялық жанды дәріс деп Қостанайдағы NIS-те өткен «Әдебиет – сарқылмас дария» кездесуін атауға болады. Ол Серікбай Оспанов пен Ақылбек Шаяхметовке арналған деректі фильм және Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған танымал «Сағындым Алматымды» әнімен басталды. Қонақтардың қазақ әдебиеті мен оның басты кейіпкерлері туралы толғауларында мектеп оқушылары үшін Ахмет Байтұрсынұлы мен Ыбырай Алтынсариннің шығармашылық мұрасы ерекше қызығушылық тудырды. Ал жас ақын Сақтапберген Асылхан көпшілік назарына «Ғабит ағаға арнау» атты төл туындасын оқып берді.

Қайырбек Бисембаев, Арман Қани және Еламан Қабділәшіммен түскен сурет Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жанұялық мұрағатын толықтырды.

– Балалардың қойған сұрақтарына қарап-ақ олардың әдебиетке деген құлшынысы мен білімпаздығын байқауға болады, бұл, әрине, бізді жігерлендіреді, – деп Еламан Қәбділәшім өз әсерімен бөлісті.

Өскемендегі NIS-те Қалқаман Саринге қойылған ең қиын сауыл – ол замандас ақындардың шығармашылығына қандай баға береді? Әлібек Қаңтарбаевтың Оралхан Бөкеймен достығы туралы айтқан әңгімесі мен естеліктері барша тыңдарманның көңілінен шықты. Әрімбек Масалов Зияткерлік мектептегі вокалдық топтың символына айналған «Қазақстан – қазақ елім» әнінің шығу тарихын тарқатты.

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте Абай Қалшабек өз сөзін аты аңызға айналған жазушы – майдангер Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасына арнады. Абай Қалшабек мектеп кітапханасына жақында жарық көрген өлеңдері, мақалалары, ой-толғаулары мен аудармалары жинақталған «Томаға тұйықпын» атты кітабын сыйға тартты. Дәурен Айманбетов «Жылдың үздік ақыны» және «Алтын қалам» беделді номинацияларына танылғанын өз өлеңдерімен растады.

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте белгілі жазушылар мен ақындардан қонақ кәде сұралды. «Ұлы дала ақындары» жобасы аясында оқушылар туынды авторлары Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Кәрім Оралова, Анар Жаппарқұлова, Салтанат Айдарбекованың әсерлі шығармаларын оқып берді. Қонақтар қайым айтыста ерекше көзге түскен балалардың ой-өрісі мен талантына тәнті болды. 

– Цифрлық технологиялар дәуірінде тарихқа үңіліп, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетін балалардың бойына сіңіру қажет. Бұл ұстаздың, әрбір ата-ананың міндеті, – деп атап өтті Маржан Есжанова.

Түркістан қаласындағы жаңа Зияткерлік мектепте «Қазақ әдебиетінің жаңа тынысы» атты бірыңғай әдебиет сабағы кампус экскурсиясымен басталып, белгілі жазушылар мен ақындардың «Тіл – қазына» шығармашылық кешеніне деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Дәурен Ақсақалов, Еламан Төлеутай, Рысгүл Досжанова, Арқалық Әмалият, Дәурен Тілеухан, Тілеубек Батыс әр Шаңырақпен танысып, концерттік қойылымдар мен мерекелік бейнероликтерді тамашалады. «Ақын – оқушы көзімен» зерттеу жұмысы қонақтарға ең үлкен және шынайы әсер қалдырды.

Қазақ әдебиетіне арналған «Қазағымның әдебиеті» атты ауқымды жоба бүгінде барлық Зияткерлік мектептерде жалғасын табуда. Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған бірыңғай әдебиет сабағы деп атауға болатын кездесулер топтамасы NIS-тегі кітап жобаларының логикалық жалғасына айналып, оқушылар мен ата-аналардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда.

«AMANAT»: Агроқұрылымды дамытудағы кедергілер талқыланды
Кажетта Ахметжанова Ресей мен Украина арасындағы соғыс қашан бітетін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу