Аттестацияға дайындалып кітап жазамыз ба, олимпиадаға дайындаймыз ба, сабақ өтеміз бе?
Баяғыда бір құдық қазушы "Құдық сыртындағының бәрі ақылшы, әйтеуір" деген екен.
Сол құсап, осы күні ерінбегеннің бәрі мұғалімді сынағыш қой, әйтеуір. "Кеше біліктілік тест тапсыру кезінде бір әріптесіміз қаза болғалы, одан сайын үдетті бәтшағарлар.
Біз квалтестке қарсы емеспіз. Дұрыс, бағаласын, тест тапсырсын. Бірақ мұғалімге қойылар талаптарды азайтсын. Педагогиканың шекті балын азайтсын. "Мына сөз кімдікі, авторын тап" - деген сұрақтардың мүлдем керегі жоқ. Авторы Сухомлинский болмақ түгілі оны Мұхаммед Пайғамбар, Атам Ата, Хауа Ананың өзі айтса да, ол сөздің мұғалімнің білімі мен біліктілігіне не қатысы бар? Жарайды, біліктілік тесттен өтті дейік, одан кейінгі екінші алар асу - портфолио жинақтау бар. Ең жоғары педагог-шебер дегенге қойылатын талапты естісеңіз жылағыңыз келеді. Кітап жазу керек-дүр, ол кітабы бес жыл апробациядан өту керек-дүр, оқушылары 5 республикалық, 10 халықаралық олимпиаданы ұту керек-дүр, керек-дүр, керек-дүр... Міне, осы секілді талаптардан өтсеңіз, педагог-шеберсіз.
Жарайды делік, келісейік, бірақ педагог-шебер деген атақты берерде "Қазақстанның еңбек ері" деген атақты да қоса беріңіздер. Педагог-шебер мұғалім ол атаққа әбден лайық.
Әсілінде, осы портфолионы алып тастау керек, немесе талапты жеңілдету керек. Менің ұсынысым осы.
Сөз соңы: Баяғыда шешелеріміз "Оқымасаң оқыма, аман бол" - деуші еді, бұл бетімен кете берсек, бәйбішеміз "аттестациядан өтпесең өтпе, аман бол" дейтін күнге де жетерміз.
Баяғыда бір мұғалімнен "Бос уақытыңда не істейсің?" - десе "Сабақ өтем" - депті ғой жарықтық. Сол құсап аттестацияға дайындалып кітап жазамыз ба, олимпиадаға дайындаймыз ба, сабақ өтеміз бе? Тезірек определиться етейікші, пажалыста.
Ержан Тәліптің Facebook парақшасынан