Шымкентте мәжіліс депутаты журналистермен кездесті
Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Мәжілісмен журналистерге Парламент қабырғасында атқарып жатқан жұмыстары, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы баяндады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат ретінде біз үшін этносаралық татулық пен қоғамдық келісім мәселесі айрықша маңызға ие. Бүгінде елімізде барлық этностардың тілі мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін сақтауға жағдай жасалған. Ұлттық мектептердің, театрлар мен ақпарат құралдарының жұмыс істеп тұрғаны – соның айғағы. Түрлі этнос жастарының білім алуына, кәсіппен айналысуына, қоғамдық өмірге белсене араласуына ешқандай кедергі жоқ. Осы орайда, журналистер қауымы Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігін нығайта түсетін, түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен достығын насихаттайтын материалдарды көбірек таратса, ал, жалған хабарлар мен арандатушы ақпараттардан аулақ болса деген тілегіміз бар, – деді Ф.Қаратаев.
Кездесу барысында халық қалаулысы журналистермен еркін пікір алмасып, ел өміріндегі маңызды мәселелерді талқылады.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ.