«Мазақ!». Қарағанды тұрғынына 122 теңге АӘК тағайындалған
Қарағанды қаласының тұрғыны Дариға Қазанғаповаға 122 теңге АӘК тағайындалған. Көп балалы ана мемлекеттік мекеме мазақ қылды деп отыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Дариға Қазанғапова жарымен төрт бала тәрбиелеп отыр. Балаларының ең үлкені 12 жаста болса, кішісі небәрі 11 айлық. Әйелдің жұбайы жалдамалы жұмыс істейді, шамамен 100 мың теңге алады. Сондай-ақ, бұл отбасы көп балалы отбасыларға 46 мың теңге және бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы ретінде 26 мың теңге мөлшерінде жәрдемақы алады.
- "Жеке баспанамыз жоқ, кезекте тұрмыз. Күйеуім жақында ғана жеке кәсіпкерге жұмысқа тұрған еді, бірақ ауа райына байланысты жұмысы тағы тоқтап қалды. Сондықтан қазір жағдайымыз қиынырақ. 2021 жылдың екінші тоқсанында АӘК-ке тапсырдым. Бізді бекітіп, 125 мың теңге алдық. Үшінші тоқсанда ешқандай ӘЕК алған жоқпыз. Табысымыз жан басына шаққандағы орташа көрсеткіштен 5 мың теңгеге асып түсті. Төртінші тоқсанда қайтадан құжаттарды тапсырып, екі айға 244 теңге тағайындалғаны туралы хабарлама алдым. Төрт балаға айына 122 теңге. Мазақ!", - деп шағымданады Дариға Қазанғапова.
Бұл ретте Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі АӘК жәрдемақы емес екенін және жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға тағайындалатынын айтты. Биыл төртінші тоқсанда 26 926 теңге болған.
- "Бұл отбасы екінші тоқсанда АӘК алды. Өтініш берген кезде жұбайының бірінші тоқсанда табысы болмаған. Кейіннен өтініш берушінің жұбайы жұмысқа орналасты. Төртінші тоқсандағы АӘК-ті есептеген кезде үшінші тоқсан ескерілді: жұбайының жалақысы, көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы.
Дариға Қазанғапова өтініш берген кезде бақшасынан түскен табысын көрсетпеген. Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 26 906,83 теңге болды. АӘК мөлшері сәйкесінше 122 теңге (отбасының әрбір мүшесіне 20,33 теңге), - деді мемлекеттік мекеме өкілі.
Сондай-ақ, ведомство 2021 жылдың екінші тоқсанында өтініш берушінің екі баласына азық-түлік пакеті түрінде көмек көрсетілгенін қосты. Шілдеде отбасыға алғашқы медициналық көмек қобдишалары мен жеке қорғаныс құралдары берілген. Тұңғыш Президент күніне 50 келі азық-түлік жиынтығы түрінде демеушілік көмек көрсетілген.