«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумы
Бүгін елордада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумы өтті. Форумға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысының орынбасары Б.Әділханов және орталық қызметкерлері мен белсенді жастар ZOOM қосымшасы арқылы қатысты.
Форумды ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы мемлекет тарапынан жастарға арналған мүмкіндіктерді атап, елімізді әлемге танытып жүрген мақтаныштарымыз туралы сөз қозғады.
Іс-шараға әртүрлі салада қызмет ететін жалынды жастар қатысып, өз жетістіктері мен жұмыстары жайлы сөз сөйледі.
Жастар форумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жолдады.
- «Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында еліміздің білімді білікті, іскер де белсенді жастары республикалық форумда бас қосып отыр. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын», - деген Елбасы Тәуелсіздік тәңірдің бүгінгі ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы екенін атады.
Форумның екінші бөлімінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы және Аида Ғалымқызы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының: «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша иегерлерін марапаттады.
Шымкент қаласынан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті Бекболатов Атабек Әлібекұлы «Дизайн және бейнелеу өнері» номинация бойынша марапатталды.