Тұрғындар санаққа әлі де онлайн тіркеле алады

Oinet.kz 23-10-2021 652

Бүгінде миллионнан аса тұрғыны бар мегаполисте санақ жүргізу үшін 176 санақ учаскесі құрылып, онда 176 нұсқаушы-бақылаушы мен 1207 интервьюер 1 қазаннан бастап дәстүрлі тіркеуге кірісіп кеткен-ді. Ал, 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін респонденттер онлайн тіркелген болатын. 

image.png

ҚР Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 қазанда санақтың онлайн тіркеу кезеңі аяқталған соң, еліміздің барлық өңірлерінен, әсіресе қалалардан онлайн санақ функциясының мерзімін ұзарту туралы көптеген өтініш түскен. Осыған байланысты sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданған. Яғни, сіз санақ сауалдарына жауап бермеген болсаңыз, әлі де онлайн тіркеле аласыз. Санақ сауалдарына sanaq.gov.kz арнайы сайты, E-Gov порталы арқылы тіркеліп немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Яғни, онлайн өту мүмкіндігі халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болмақ.

Қарлығаш Әбілқасымова — Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №52 жалпы орта мектептің мұғалімі. Кәсіби қызметіне қосымша қоғамдық жұмыста да белсенділік танытып, Шымкент қаласы Абай ауданындағы №23 санақ учаскесінде нұсқаушы-бақылаушы қызметін атқарып жүр.

— Біздің №23 санақ учаскесіне Тельман шағын ауданындағы  1943 тұрғын үй бекітілген. Бүгінге дейін учаскедегі 7 интервьюер 726 үйді аралап, 

3873 респондентті дәстүрлі тіркеді. Ал, онлайн 102 адам тіркелген. Интервьюерлер жеке тұрғын үй секторларын аралағанда түрлі келеңсіздіктерге тап болып жатыр. Әсіресе, алаяқтардан қорқып қалған тұрғындар  арасында санақ сауалдарындағы жеке сұрақтарға жауап беруден бас тартып, есігін жауып алатындары да бар. Десек те, өзіміздің қызметімізді растайтын куәлікті көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы санақ тізіміне алынып отыр, - дейді Қарлығаш Пернеханқызы.

Санақ мамандарының айтуынша, дәстүрлі тіркеу жұмыс күндерінде қолайсыздық тудырады екен. Тұрғындардың бірқатары жұмыста болса, енді үйіне кеш оралып жатады. 

— Сенбі, жексенбі күндері дәстүрлі тіркеу жұмысы өнімдірек. Себебі, респонденттерді демалыс күндері үйінен табу оңай. Сондай-ақ, есігі жабық жеке секторлар тұрғындарын табуда көршілердің де көмегі көп тиюде, - дейді Қ.Әбілқасымова.

Айта кетейік, санақ 30 қазанға дейін жалғасады. Ал, мамандар санақтың соңғы онкүндігінде қала тұрғындарын  белсенділік танытуға шақырады.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ

Түркістанда оқушысы өз-өзіне қол салған мектепте тексеріс басталды (видео)
Жаңа жүйеге көшу қарқын алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу