Түркістан: Сурет салудан оқушылар арасында қалалық байқау өтті
Қазақстан Республикасының 30 жылдығы аясында, Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында 19 қазан – Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, сурет салудан оқушылардың қалалық байқауы өтті. Оған қаламыздың 30 мектебінен сурет салуға бейім оқушылары жетекшілерімен бірге келді. Байқауға қатысқан оқушылар «Қауіпсіздік, өрттен қорғану, табиғатты төтенше жағдайдан қорғау» сияқты тақырыптарды өз қиялдарымен ақ қағазға түсірді.
«Оқушылардың сурет сала білуі олардың бойындағы шығармашылық еркіндік пен белсенділікті қалыптастырады және қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді. Сонымен қатар ауыр әрі қиындығы бар жұмыс саналатын төтенше жағдай комитетінің қызметкерлерінің еңбегін бағалауға үйреткіміз келеді», – дейді Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызы.
Бұл шараға Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы, Азаматты қорғау полковнигі Талғат Серікұлы да арнайы қатысып, өзінің жылы лебізін білдірді.
Екі сағатқа жуық сурет салған балалардың жұмыстарын облысымызға белгілі қылқалам шебері Мұрат Шаханбаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Бағалау барысында олардың ой ұшқырлықтары және бейнелеуіне баса назар аударылды. Сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі III орынды Байрам Хушудов пен Елизавета Финакова иеленсе, II орын Еркеназ Алтынбаева мен Ажар Нышанға бұйырды. Ал, I орынды Сабрина Махкамова жеңіп алды.
Сондай-ақ Дина Жолдыбаева мен Арайлым Әбдібек – үздік идея, Ақерке Жақан – жас суретші, Жанерке Алпысбай – үздік сурет, Зиеда Абдуганиева – жас суретші, Балкерім Аташбек пен Наргиза Рыскулова – үздік композиция атағына ие болды.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың дипломдарымен және құнды сыйлықтарымен марапатталды.