Кембридж университетінің Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесі ашылды
Оған Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі сақ қорғандарынан табылған алтын артефактілер қойылды.
Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне ұйымдастырылды.
Ұлыбритания жұртшылығы біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларда Орталық Азияда, атап айтқанда Қазақстанның Алтай тау жүйесінде үстемдік еткен скиф өркениетінің жәдігерлері, сақ қорғандарынан табылған құнды дүниелерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Көрмеде Берел, Шілікті және Елеке Сазы сияқты үш түрлі қорымнан шыққан жүзге жуық археологиялық олжа қойылған.
Экспозиция ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндірісі және металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын көрсетеді. Бұл кезеңді ежелгі қазақтар тарихындағы «алтын ғасыр» деп те атайды. Ең бағалы экспонаттардың бірі – киімдері 15 000 алтын заттан тұратын «алтын адамның» қалдықтары. «Ұлыбританияға және әлбетте бүкіл әлемге Қазақстанның ежелгі мәдениетін танытуға арналған ерекше мүмкіндік. Меніңше, бұл жаһан тарихын қайта жазатындай тарихи жағдай. Ішіне талай сырды бүккен археологиялық қазбаларды зерттей отырып, біз талай ғылыми жаңалықтарды бірге ашамыз деген ойдамын», дейді Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайының директоры Люк Сайсон.
Шығыс Қазақстан және Фицуильям мұражайы арасындағы әріптестік көпірі бұған дейін орнағаны белгілі. Отандық археологтар қорғандардан табылған жәдігерлерді британиялық әріптестерімен бірге зерттеп келеді. Кембридж университеті жанындағы Макдональд археологиялық зерттеу институтының ғалымдары жаңа инвазивті емес технологияларды қолдана отырып, бірегей артефактілердің құпияларын ашып жатыр. «Біз микроанализдер жасайтын боламыз. Заманауи микроскоптың көмегімен ежелгі сақтардың қандай технологиялар пайдаланғанын және қолөнер бұйымдарын қалай жасағанын зерттей аламыз», деді «Ұлы дала алтыны» көрмесінің Ұлыбританиядағы кураторы Ребенка Робертс. Бірегей алтын артефактілердың еуропалық аудиторияға бұл алғаш рет ұсынылуы. Оларды британиялық бұқаралық ақпарат құралдары халықаралық археологиялық сенсация деп атап, шара туралы жарыса жазып, таспаға түсіріп жатыр. Көрмеге кіру тегін. Экспозиция Фицуильям мұражайында келер жылдың 30-қаңтарына дейін өтеді.