Сапарбаев алдын ала келісілген сұрақтарға жауап берді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ютуб каналында журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берді. Шыны керек, Сапарбаевты мың жерден арқа-жарқа, емен-жарқын десек те, осы жолғы сұхбаттың алдын ала келісілген сценарий екендігі байқалып қалды.
Қойылған сұрақтардың бәрі күні бұрын Сапарбаевтың цензурасынан өткенін аңғару қиын емес. Журналист көпшіліктің көкейінде тұрған, бірақ Сапарбаев үшін ыңғайсыз болатын сұрақтарды айналып өткен. Мәселен, жуырда ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді өзін Сапарбаевтың қарындасымын деп таныстырған азаматшаның мәлімдемелері шулатты. Осы жуырда ғана мессенджерлерде Сапарбаевтың қызметті жиыстырып қойып, ащы судың соңына түсіп кеткені туралы видео тарады. Ал Нартай Аралбайұлы ол туралы ләм-мим деген жоқ. Бұл сұхбаттың бұған дейін Сапарбаевтар әулетінің бүкіл бизнесін жіпке тізгендей етіп жариялаған Жанболат Мамайға берілген жауап екендігін айтушылар да бар. Мұны да жоққа шығаруға болмайды (сұхбатқа «Ит үреді, керуен көшеді» деген тақырыптың қойылуы да бекер емес).
Десек те, Бекең біраз мәселе бойынша ағынан жарылыпты. Журналистің:
- Білімі мен білігі жетпесе де балаларын лауазымды қызметтерге сүйрейтіндерге қатысты пікіріңіз қандай?-деген сауалына ол:
- Әрине басшылық қызмете жүрген соң біздің балаларымыз кішкентай қызметке барса да, бірден сынай кетеді. Ол да Қазақстанынң азаматы, оның да құқығы бар. Сапарбаевтың баласы болғаны үшін кінәлі емес, оның да отбасы бар, болашағын ойлау керек. Егер лаузымдық қызметті дұрыс атқара алмаса, онда ол басқа мәселе,-деді Сапарбаев.
Әңгіме барысында Сапарбаев өзінің ешқашан кәсіпкер бола алмайтынын айтты. Өйткені Сапарбаев сияқты ақкөңіл адамның қолынан кәсіпкер болу келмейді екен. Сапарбаев былай деді:
- Мен әр уақытта айта аламын, арым таза. Ешуақытта пара алған адам емеспін. Егер мен пара алсам, мысалы Дәулеттен (өзінің орынбасары. Ред), одан мен қалай жұмыс сұраймын?! Ол ертең айтады ғой, «көке ана неңді алдың, маған неге айқайлайсың?» деп.
Бердібек Сапарбаев зейнеткерлікке қашан кететінін де айтты.
- 2016 жылы зейнет жасына жеттіңіз. Елбасы қызметіңізді созды. Сіз бір күні «маған саяси қызмет жетеді, стоп» деп өзіңіз айтасыз ба әлде Ақорданнң шешімін күтесіз бе?-деген сауалға ол:
- Олай да, солай да болуы мүмкін. Көрерміз, қабілетім, денсаулығым, жұмысымның нәтижесі нашар болса мен жұмысты істей алмаймын. Егер менен мемлекетке, өңірге, халыққа ешқандай пайда жоқ болса. Пайда болған соң жұмыс істей беремін,-деп жауап берді.