Түркістан: Ордабасы ауданынан Маңғыстауға 4 вагон мал азығы жіберілді
Бүгін Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам стансасынан Маңғыстау облысына 5 мың бау, яғни, 110 тонна шөп тиелген 4 вагон шөп жіберілді. Бұл игі іс-шара «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының үйлестіруімен, Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Батыстағы қуаңшылық бүкіл елді алаңдатты. Оның ішінде Түркістан облысының тұрғындары да шама келгенше әрекет етіп, көмегін жолдап жатыр. Бұл ретте отаншыл жас Құрмет Талапқазының бастамасы қоғамға қозғау салғанын айта кеткен жөн.
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің атсалысуымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісім жасалып, логистика мәселесі шешілгені белгілі. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы да аталған акционерлік қоғамына хат жолдап, қолдауына ие болды. Аумақтағы филиалдар игі іске жұмылдырылды. Осы арқылы Ордабасы ауданының жанашыр азаматтары, белсенді тұрғындары ұсынған көмек Маңғыстау облысына жіберіліп отыр.
«Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алиасқар Бердімұраттың айтуынша, Ордабасы ауданы әкімдігі мен партияның жергілікті филиалы жем-шөп мәселесін бақылауға алған.
«Бүгінгі игі акцияға аудан көлеміндегі «Батсу водоканал» ЖШС, «Ордабасы тас» ЖШС, шаруа қожалықтары, аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері, ерікті азаматтар, аудан тұрғындары үлес қосты. «Nur Otan» партиясының өзге аудандардағы фракция мүшелері де өз ауылдарында игі іске үлес қосып жатыр. Біз – Маңғыстау жұртымен біргеміз!», – дейді Ә.Бердімұрат.
«Шөп жинау үшін аудан бойынша 5 бекет ұйымдастырылып, 5 мың баудан астам шөп жиналды. Жалпы Ордабасы ауданында мал азығы жеткілікті деңгейде. Бірақ жылдағыдай бітік шөп болмауына байланысты аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың бастамасымен әрбір ауыл округтерінде мал азығын жинау бекеттері ашылды. Ол жерге жем-шөп қоры жиналу үстінде. Өзен бойындағы қамыстар да орылуда. Осы қор арқылы қыста әлеуметтік аз қамтылған, мал азығын жинауға шамасы жоқ, ер-азаматтары жоқ отбасыларға жем-шөп беріледі. Аудан әкімдігі қысқы науқанға дайындықты бастап кетті», – дейді Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбілда Әлібеков.
Шөпті жинауға және артуға ауданның еріктілері, белсенді азаматтары, жасотандықтар және өзге де отаншыл жандар көмек көрсетті. Бадам стансасынан жолданған мал азығы Маңғыстау облысының Шетпе, Құрық және Жетібай стансаларына жеткізіледі. Ол жақта көмекті күтіп алып, үлестіретін азаматтар бекітілген.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі