«Завучтан» озбырлық көрген апа көшеге не үшін шыққандарын айтты (видео)
Өткен айда аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан педагог әлеуметтік желіні шулатқан болатын. Оның бұл іс-әрекеті видеоға түсіп қалған. Кейіннен белгілі болғандай, былапыт сөзді қарша боратқан әйел Ұлжан Елмұратова - Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов атындағы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді.
Осы оқиғадан соң Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының пәрменімен Ұлжан Елмұратова қызметінен босатылған болатын. Дегенмен бұған қатысты дау әлі тыншымай тұр. Жақында Бадам ауылының тұрғындары Ұлжан Елмұратоваға қарсы көшеге шығып, оның тұрғындарға көрсеткен зәбірін жайып салды. Райхан Жақыпқызы есімді ауыл тұрғыны танымал заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында не үшін көшеге шыққандарын баяндап берді:
- Көшеге қызым үшін шықтым (Қызы Ақкүміс Нышанбекқызы Ұлжан Елмұратовадан зәбір көрген. Бұл туралы мына материалда). Қызымды тағы біреу келіп өлтіріп кете ме, ұрып кете ме деп қауіптеніп бардым. Ол жерге біз өз ойымызды айтуға бардық. Бізге жаны ашитын адам бар ма екен деп үмітпен бардық. Ауылда одан зәбір көргендер өте көп. Ұлжан Елмұратова бір сұхбатында "бізді қағып кете жаздады" деп еді. Бұл өтірік. Ол өзі келін түсіріп жатқан үйге барып айқай шығарып, сол жердегі балаларды ұрып та кетті, - дейді ол.
Райхан Жақыпқызы - Ақкүміс есімді келіншектің анасы. Ал Ақкүміс "завучтан" көп озбырлық көрген. Бұл туралы Ақкүміс:
- Ұлжан Елмұратова бір күні анама келіп мені жұмысқа орналыстырғысы келетінін айтты. Жұмысқа мейірбике қылып кіргізу үшін 800 мың теңге сұрады. Ол ақшаны бердік.
Мен және тағы бір қыз жұмысқа кіреміз деп құжат жинап жүрген кезде Ұлжан Елмұратова бізге "алтынымды ұрладыңдар" деп үстімізден шағым түсірді. Бізді РОВД-ға алып барды. Жанымдағы Сымбат деген "Ақкүміс алтынды алмады" деп куәлік етті. Бірақ ертесіне ол мені алды деп шықты. Себебі оны тергеушілер әбден қорқытқан сияқты. Ақыры соңында олар менен 300 мың теңге талап етті. Жұмысқа кіргеніме 800 мың теңге, Ұлжан Елмұратова "сені жұмысқа кіргіздім, көйлегіме ақша бер" дегесін 100 мың теңге бердік. Сөйтіп ең соңында "алтынымды ұрлады" деп 300 мың теңге алды. Оны анам қорыққаннан берді. Кез-келген ата-ана перзентін ойлап береді ғой. Ұлжан Елмұратова анамды жеке алып кете беріп жүріп ақшаны алып алды. Олар мені "сені тоққа саламыз" деп қорқытты. Ақшаны алған соң "істі жаптық" деді. Іс ашылды ма, оны да білмейміз. Олар мені "ағаларың мүгедек болып қалуы мүмкін" деп қорқытты. Бейәдеп сөз айтып сөйлейді. Өзіне қарсы шыққандарды жақтырмайды, - деп көзіне жас алған болатын.
Осының салдарынан Бадам ауылының тұрғындары көшеге шығып, завучке қарсы наразылықтарын білдірді.