«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Замбия коррупция мен қарызға батқыштығы жағынан Қазақстанға өте ұқсас ел екен.
Африкадағы қытайлар экспансиялау ниетімен игере алмайтын қарыз беріп, шынтуайтында Замбияны сатып алып отыр. 1964 жылы алған тәуелсіздігінен айырылды деуге болады. Осындай тұжырымға Халықаралық валюта қорының эксперттері келіп отыр. Себебі Замбия Қытайдан фантастикалық мөлшерде қарыз алған. Енді Замбия Қытайға барлық энергетика мен инфрақұрылымдық салаларымен қоса, алмаз кен орнын қосып тау-кен саласын да береді. Замбияның коррупциямен шырмалған қарызын өтеуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. Таяудағы Шри-Ланканың тағдырын қайталап отыр. Олар қарызын өтей алмағандықтан Қытайға 70 пайыз акцияларымен қоса, 99 жылға, мұхиттағы ірі порты Хамбантотаны басқаруға берген еді.
Мемлекеттің итінің итақайына дейінгі қызметкерлері қазынаны тонаумен айналысыпты. Қытайлықтар мен коррупцияға қарсы келген Сыртқы істер министрі Гарри Калабаны қызметінен айдап шығыпты. Замбия Президенті Эдгар Лунгу қытайлар қаржыландырып отырған жобалардың бәрі заңды деп теледидардан түсетін емес. Ірі Қытай компаниясы темір жол салумен қатар кредит беру және өндіріс орындарының пайда әкелетін активтерін (мүліктер мен ақшалай қаражаттар, т.б) сатып алу орталығына айналды. Сонымен қатар олар негізгі мемлекеттік телеканал және жаңалықтар каналын ZNBC сатып алыпты. (Ал енді қытайларға ауыздарыңды ашып көріңдер!) Қарыздар мен инвестиялардың проценттерін төлеудің өзі жылына жарты миллиард долларға түседі. Финанстық төлем мерзімін орындамағанда төленетін штрафтардың өзі замбиялықтарды естерінен тандырып жатыр. Бұл дефолттан (қарызды өтеуге ақша жоқтан) өткен катастрофа!
SOS: Халықаралық валюта қоры Қытайдан қарыз алған 20 шақты елді Қытайдың «дипломатиялық қарыз беру» қулығынан сақтандырып жатыр. Осы жөнінен АҚШ Президенті Трампқа айтқан екен, мұртынан күліпті де қойыпты.
Замбия оппозициясының Президентке еткен импичментінен (қызметінен кету талабынан) ештеңе шықпады. Қарсы келген тау-кен және минералдық қорлар министрі қызметінен қуылды.
Президент пен оның жандайшаптары Қытайды және Мао Цзедунды мақтауды әдетке айналдырып, оның портреттерін таратып жатыр екен. Енді Қытай елдің бүкіл энергетика саласын сұрап жатқан көрінеді. Арғы жағы белгілі – қарызды қайтара алмаса, бүкіл мемлекеттің активтерін сұрайды. Президент Лунгу мен оның төңірегіндегілер Қытай экспансиясына қарсыласатын түрлері жоқ. Замбияға бұрынғы Англияға отар болғанымен салыстырғанда қазіргі жағдайлары нағыз қылбұрау болады…
Қайрат НҰРЛЫҚАСЫМҰЛЫ.