Үшінші мегаполисте жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Ержан Жақсылықұлы қаладағы жол құрылысына қатысты мәліметтерді баяндады.
– Жол жөндеу жұмыстары орташа, күрделі және қайта құру бойынша жүзеге асырылады. Орташа жөндеу негізінде шалғай және ішкі орамдағы көшелерге басымдық берілді. Осы орайда, 139 нысанның 36-сы аяқталып, 52-де жұмыстар атқарылуда. Күрделі жөндеу 4 нысанның 1-де аяқталып (Бадам ш/а), қалған 3-де іске асуда (Жайлау т/а, Ақжайық, Достық-2 ), – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, қайта құру жұмыстары бойынша 5 нысанның 1-де (А2 4-этап) жер телімдерін мемлекеттің мұқтаждығына қайтару және 3-де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр (Бекжан, А2-1этап, А2-2этап). Ал 1 нысанның жобасына өзгеріс енгізілуде (Адырбеков). Сондай-ақ, бүгінде мердігер мекеме «Корпорация Береке-А» ЖШС-мен келісім-шарт арқылы жасалған күрделі жұмыстар 98 пайызға игерілген.
Брифинг барысында Ержан Жақсылықұлы жол құрылысымен қатар қоғамдық көліктерге де тоқталды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдауда 18 жекеменшік көлік компанияларының 882 қоғамдық көлігі күнделікті қалаішілік 79 маршрутта қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің 80 пайызы жаңартылған.
Айта кетейік, жоспарға сәйкес сатып алынған 590 автобустың 300-і қолданысқа берілген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толыққанды аяқталады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр