Шымкент: Жолайрық құрылысына байланысты қаланың біраз бөлігінде газ желісі өшіріледі
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов хабарлады.
– Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес бүгінде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында жолайрық салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қысымы жоғары диаметрі 315мм газ құбырының орнын ауыстыру жұмыстары қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін орны ауыстырылған газ құбырын қолданыстағы газ құбырына қосу қажеттілігі туындап отыр. Бұл жұмыстар 2021 жылдың 10 маусым күні сағат 9:00-ден 11 маусым сағат 15:00-ге дейін орындалады. Аталған газ құбырынан қаланың Төменгі Отырар шағын ауданында 600 пәтер, Рысқұлов, Қонаев, Дулати, Байтұрсынов, Жандосов көшелері орамында және Рысқұлов көшесінің солтүстік беткейінде орналасқан ғимараттар, тұрғын үйлер сондай-ақ әлеуметтік нысандар газ желісімен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты аталған көшелер мен шағын аудандарда газ желісі толығымен сөнеді, – деді Ержан Жақсылықұлы.
Осы орайда басқарма басшысы қосу жұмыстары жүргізілгеннен соң, газ желісін қайта қосқанда үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсету мамандарының және тұтынушылардың газ жабдықтарына тексеру жұмыстарын жүргізуін және мұқият болуларын сұрайды.
Брифинг барысында спикер бұл туралы қала тұрғындарын ақпараттандыруға және уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.
Еске сала кетейік, жолайрық құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау мерзімі осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр