Тойхана ғимараты Ардагерлер орталығына айналды
7 Мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 Мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Арыстық қарияларға үлкен сый салынды.
Яғни қаланың қақ ортасында орналасқан бұрынғы тойхана ғимараты ардагерлерге арналған орталық ретінде пайдалануға беріліп отыр.
Әсем ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасына қолдау танытқан жергілікті кәсіпкер азамат осылайша тойхана ғимаратын ардагерлер орталығына айналдырып отыр. Бұл тұрғыда заманауи үлгіде жабдықталған орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, жергілікті қариялар қауымының қуанышына ортақтасты.
Аталмыш ғимаратта қалалық ардагерлер кеңесі мен онда жұмыс істейтін азаматтарға арналған кабинеттер, шахмат-дойбы, бильярд теннис үстелдері қарастырылған. Сонымен бірге тұзбен емдеу және сенсорлық бөлме, терапевт дәрігері мен массаж бөлімі жұмыс жасаса олардың барлығы қажетті жиһаздармен жабдықталған.
Ең бастысы «белсенді өмір сүру ұзақтығы» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын орталықта кітапхана мен спорттық тренажерлардың түр-түрі бар. Арыс қаласының ардагерлері үшін мерекеде үлкен тарту болып отырған ғимараттағы үйлестіру жұмыстарын Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығы жүзеге асыратын болады.
Осылай деген қала әкімі Гүлжан Мамытқызының айтуынша Арыс қаласындағы 6200-ден астам ардагерлер үшін бұл орталықтың ашылуы үлкен қуаныш. Себебі бұған дейін жергілікті жерде қарияларға арналған мұндай орындар болмаған. Айта кету керек, екі қабаттан тұратын ардагерлер орталығы ғимаратының бір бөлігі «неке сарайы» ретінде өз жұмысын бастады.