Әкімнің қызы Тоқаевқа маңызды үндеу жолдады (видео)
Аягөз қаласының әкімі Қуаныш Азыхановқа пара алды деген күдік өткен жылдың қыркүйек айында тағылған болатын. Содан бері Аягөзде сот процесі жүргізілуде. Осыған байланысты Қуаныш Азыхановтың қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Азыханова ел президенті Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады.
Бейнеүндеуде Аягөз ауданы сотының судьяларының шектен шығып, 7 ай бойы қылмыстық процес бір жақты айыптау бағытында жүргізіліп жатқандығы туралы сотталушының қоғамдық қорғаушысы Айнұр Азыханова ашып айтты.
Айтуынша, Қуаныш Азыхановатың кінәсіздігі құжаттармен толық дәлелденген. Алайда мүдделі топтар заңсыздыққа жол беруде. Бұл істі тексерген Семей аймағы бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісі Ерденбековтың өзінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Осыған байланысты судья Мергенбаев бұл істен өз еркімен шеттетілген.
- Қазіргі таңда қызметке келгеніне 3 ай уақыт болған, тәжірибесіз судья Рахатаев бұл қылмыстық істі басынан бастауды, сот ғимаратында заңсыздықтарға көз жұма қараған Ерденбековтың заңсыз әрекетін үнсіз қолдаған прокурор Баяхметбаев болса, әлі осы сот процесіне ештеңе болмағандай қатысуда. Бұл заңды ма? Адалдыққа жата ма? Сорақысы, әкемді қамауға берген санкция берген судья Жумадилова мен Рахатаев сотты айыптау бағытында ғана жүргізуде. Мақсаты әкемді соттау, - деді Қуаныш Азыхановтың қызы.
Мемлекет басшысынан көмек сұраған Айнұр Азыханова сондай-ақ Аягөз ауданында орын алып жатқан басқа да мәселелерге тоқтай келе, қалалық сот халықтың алдында беделден жұрдай болғанын ашына жеткізді.