Шымкентте алғаш рет трансплантология бойынша халықаралық ғылыми конференция өтеді
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мəжілісінде Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мəлімдеді.
– Шымкентте алғаш рет Мәскеу қалалық Н.В.Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институты жетекші ғалымдарының қатысуымен «Ресей Федерациясы трансплантологиясындағы актуальды сұрақтар мен Шымкенттегі жедел қызметтің дамуы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтеді. Бұл шеберлік сабағының мақсаты – жедел жәрдем қызметін үйлестіру жəне ұйқы безі, бауыр мен бүйрек ауыстыру бойынша тəжірибе алмасу, – деді Б.Позилов.
Спикердің сөзінше, Шымкент қаласындағы медицина қызметкерлерінің жалақысы артқан. Яғни 3 288 дәрігердің еңбекақысы 30 пайыз, ал 7 535 орта буын медицина маманының еңбекақысы 20 пайызға өскен. Ал 22 ақпаннан бастап коронавирустың алдын алу мақсатында егіліп жатқан екпенің екінші компонентін 400-ден аса адам қабылдаған.
Айта кетейік, бүгінде қаладағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Үшінші мегаполис «жасыл аймақта» тұр.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр