ІІМ Алматы академиясының бастығы курсанттың өлімінен кейін қызметінен кетті
Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының бастығы Өмірбай Смайылов курсант Саламат Өтегеновтің қазасынан кейін қызметінен босатылды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметінің Telegram арнасы.
Ведомствоның мәліметінше, оқу орнына ішкі істер министрлігінің кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік басқармаларының басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен құралған арнайы топ жіберілген. Тексеріс нәтижесі бойынша Ішкі істер министрлігінде тәртіптік комиссияның отырысы өткен. Нәтижесінде өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен Ішкі істер министрінің бұйрығымен академия бастығы О. Х. Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылған. Сондай-ақ оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылған. Сонымен қатар академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның бесеуі жұмыстан босатылған.
Академияның оқу процесіне, тұрмыстық жағдайы, моральдық-психологиялық ахуалы, қаржылық-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру тағайындалған. Министрліктің Ішкі аудит, Кадр саясаты және Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері білім беру мекемесіне жіберілген. Министр Ерлан Тұрғымаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдың бірінші тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орындарында осындай тексерулер жүргізіледі.