Қала бюджеті 455,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды
Президент жанындағы ОКҚ алаңында "Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн теңге инвестиция тартылғанын, 1,3 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті.
Қала бюджеті 131,2 млрд теңгеден 455,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Осыдан 2 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде 523 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71 пайыздан 88 пайызға артты. Қалада 72 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 160 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы өнеркәсіптік өнімнің үлесі – 23 пайызды құрайды. Өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ жұмыс істеп тұр. Осы үш индустриялды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге, 10 мыңнан астам жұмыс орнымен 170 жоба жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ М.Әйтенов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету бағытында 2 бірдей агро-индустриялды аймағын іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда 5,3 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылған. «Қалаға тартылатын инвестицияның көлемі де артып келеді. Осы жылдың 10 айында қала экономикасына 223,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54,3 пайызға артты. Инвестициялық өсім бойынша Шымкент республикада 2-ші орында тұр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвесторлардың пулын жасақтау бойынша 2020-2025 жылдар аралығында құны 1,4 трлн теңге болатын 157 инвестициялық жобаның базасы әзірленген. Оның ішінде биыл шетел инвесторларының қатысуымен 13,1 млрд теңгеге 350 жаңа жұмыс орнымен 5 жоба іске асырылып отыр. Президент Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен баспана мәселесіне тікелей байланысты екені айтылған болатын. Осы орайда баспанамен қамту үшін тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударып отырмыз. Бюджет есебінен 8077 пәтерлі 136 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 280 пәтерлі 5 арендалық, 4 461 пәтерлі 77 кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған», – деді М.Әйтенов.
Шымкент қаласында қазір 7020 орындық 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5100 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы 5 жылда 63 882 орындық 85 мектептің құрылысын жүргізу бойынша арнайы жоспар әзірленген. Осының есебінен ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Келер жылы қолға алынар шаруалар да ауқымды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 үлкен көшенің бойында және 120 көше қиылысына «Сергек» камераларын орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мұрат Әйтенов қала шетінде жаңа теміржол вокзалы салынатынын мәлім етті. Бұл мақсатта қазір тендер өткізілуде. «Биыл теміржол вокзалын «ҚТЖ»-дан қабылдап алдық. Десе де бұл вокзал халқының саны өсіп бара жатқан Шымкентке лайық емес. Сол үшін ҚТЖ-да арнайы жобалық-сметалық құжат жасалды. Оның күрделі жөндеуі мен көріктендірілуіне 6,2 млрд теңге қажет. Қала жоспары бойынша шаһардың солтүстік бағытына заманға сай жаңа теміржол вокзалы салынуы керек. Егер жаңасы салынса, қазіргі вокзалға тек жөндеу жүргізіп, оны өзінің талаптарына сай келтіреміз. Сондықтан қазіргі вокзалға күрделі жөндеу жүргізудің орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы жарты жылда нақты шешім қабылданады», деді қала әкімі. Қаладағы қазіргі әуежай тиісті талаптарға сай емес. Бұл орайда М.Әйтенов инвестордың, яғни SCAT әуе компаниясының көмегімен жалпы аумағы 35 мың шаршы метр болатын үлкен әуежайы салынып жатқанын жеткізді.