Ойшыл жазушы
28-10-2021
"Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Физули сыйлығының иегері Мархабат Байғұтпен кездесу кеші өтті.
Кездесу кешіне "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов, "Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, кәсіподақ ардагері Өмірбек Керімбеков, өңірлік және қаламыздың салалық кәсіподақ төрағалары қатысты.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушымен кездесу мәнді де мағыналы өтті. Рухани-танымдық маңызы зор іс-шара барысында кәсіподақ өкілдері жазушыға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Кездесу кешінде кәсіподақ төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов қазақтың тарихи жадысы мың соққыға ұшырап, аңсап қол жеткізген егемендігіміздің қадір-қасиеті туралы айтып өтті. Берік Айдарбекұлы өз сөзінде, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздік киелі де қасиетті ұғым ғана емес, сонымен бірге елдің есеюі, алға қарай дамуы, өсіп өркендеуі, - деді.
Сондай-ақ Мархабат Байғұттың жазуға деген адалдығы әдебиет және публицистика саласында үлкен белестерді бағындыруға сеп болғанын жеткізіп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Кеш соңында Берік Айдарбекұлы жазушыға кәсіподақ ұжымы атынан арнайы сый-сияпат табыстады.
Сонымен қатар, «Салалық мəдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кəсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов Мархабат Байғұтқа еліміздің мәдениет және руханият саласына сіңірген еңбегі үшін салалық кәсіподақтың "Еңбек даңқы" төсбелгісін табыстады.