Қазақстандағы ең лас қала
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ауасы жоғары деңгейде ластанған 10 қаланы атады.
Министрдің айтуынша, атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Анти рейтингті Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары бастайды. Одан кейінгі орындарда Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент тұр. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі.
Министр өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту шаралары жөніндегі сөзін Алматы қаласынан бастады. Айтуынша Алматы қаласында ауаның ластануы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу көздерінің, автокөліктердің және қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлерінің шығарындыларымен байланысты.
- Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі - ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру. Сонымен қатар жел режиміне зерттеу жүргізу және соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарын түзету болып отыр, - деді министр.