Түркістанда 50 оқушыға мектеп сөмкелері сыйға тартылды
Түркістанда "Мектепке жол" республикалық акциясы аясында 50 оқушыға көмек көрсетілді. Бұл жартылай жетім және әлеуметтік аз қамтылғандар мен көпбалалы отбасылардың балаларына берілген көмек. Оқушылар сыйлық ретінде дәптерлер, альбомдар, түрлі-түсті қағаздар, қарандаштар және фломастерлер, желімдер салынған сөмкелер алды.
"Басты мақсат — аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектеп құралдарымен қамтамасыз ету, балаларды мектепке дайындау. "Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалы мектеп құралдарын сатып алуға қаржылай көмек көрсетті. Жаңа оқу жылында оқушыларға сәттілік тіледі", - деді "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Акцияға жасотандықтар да қосылды. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған санаттағы отбасыларға көрсетілетін көмек мұнымен шектелмейді. Қайырымдылық игі іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.