Түркістан облысы: Жемқорлық тәуекелдері 50%-дан 2%-ға азайған
Түркістан облысында жемқорлық тәуекелдері 50%-дан 2%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
"Түркістан облысында Smart Nation жүйесі енгізілді. Аталған жүйе арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарды жұмысқа қабылдауды реттей алады, сондай-ақ директорларды конкурстық тағайындау процесіне адами факторды тоқтатуға болады. Жүйеге 8456 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарламалар ілінді. Нәтижесінде 2243 адам жұмысқа қабылданды. Оның 1479-ы – педагог, 764-і – техникалық қызметкер", - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Оның айтуынша, Түркістанда мектепке жұмысқа тұру үшін пара беру керек деген әңгіме қалыптасып қалған.
"Бұл мәселені жойдық деп айта алмаймыз, бірақ соған келе жатырмыз. Директорлар және жұмысқа орналасатын азаматтардың байланысын үздік деп айтуға болады. Өйткені қазір құжаттарды тапсыру үшін ешкімнің көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Smart Nation жүйесінің тағы бір жақсы тұсы – балабақшаға бүлдіршіндерді қабылдауды реттейді. Қазіргі уақытта 82 136 бала осы жүйе арқылы кезекке тұрып, оларға электронды түрде 71 623 жолдама берілді. Биыл дарынды балалар оқитын мектеп-интернатқа қабылдау да автоматтандырылып, 54 751 оқушы мектепке аталған портал арқылы қабылданды. Сондай-ақ, Smart Nation порталы Enbek.kz порталымен интеграцияланып, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері 50%-дан 2%-ға төмендеді", - дейді ол.