Өзбекстанда мектептер ашылды
Өзбекстанда жаңа оқу жылы басталып, оқушылар үшін алғашқы қоңырау соғылды. Биыл көрші мемлекетте 6 миллионнан астам бала білім алады. Олардың тең жартысы мектепке барып оқуды қаласа, қалғаны сабаққа онлайн қатысуды жөн көрген.
Биыл Өзбекстандағы мектептерде алғашқы қоңырау екі аптаға кеш соғылды. Өйткені жергілікті билік оқушылардың партаға қайта отыруы үшін сақтық шаралары жан-жақты қолға алынуы керек еді. № 50 мамандандырылған мектеп директорының орынбасары Лариса Пивоварованың айтуынша, қауіпсіздік шаралары бірнеше кезеңге бөлінген. Әуелі мұғалімдер балалардың қолын антисептикпен жуып, содан кейін ғана мектепке кіруге рұқсат береді. Балалар мектептің екі жақтағы есігінен кіргізілуде. Сабаққа кіру уақыты да бөлінген. Мәселен, бастауыш сыныптардың оқуы жарты сағатқа кеш басталады. Сыныптардың, дәліздер мен дәретханалардың ішін зарарсыздандыру жұмыстары күніне бірнеше рет жүргізіледі. Кіреберісте термометрлер орнатылған. Егер оқушының температурасы 37 градустан жоғары болса, онда ол сабаққа жіберілмей, оқшауланады. Ол үшін арнайы бокс дайындалған. Бұл бөлмеде оқушы ата-анасы келіп алып кеткенге дейін отырады. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бір-бірден отырған шәкірттер бір сыныптан шықпай білім алады. Жаңа оқу жылындағы талап осындай.
Баласын мектепке жіберуге сескенген ата-аналар онлайн форматты құп көрді. Яғни мұғалімдер бір мезгілде онлайн сабақты да өткізіп отырады. Осылайша, үйінде қалған оқушылар мектеп бағдарламасынан қалыс қалмай, сыныптастарымен бірге білім алады. Биыл Өзбекстанда 6 миллоннан астам оқушы білім нәрімен сусындауда. Дені сабақты онлайн оқымақ. Өйткені елде бар 10 мың мектептің әзірге 2,5 мыңдайы ғана есіктерін айқара ашып отыр.