Түркістан: Департамент басшысының бірінші орынбасары аудан активімен кездесті
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Шардара ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.
Өңірде көлеңкелі қылмыс түріне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген келелі басқосуға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Н.Сапаров, әкімдікке қарасты бөлім басшылары мен ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сыбайластықтың себебі мен салдары ортаға салынған жиында Мирас Асқарбайұлы сөз алып, Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың жемқорлықты жоюдағы және оның алдын алудағы тиімділігін баса атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында әділдіктен айнымау қажеттігін және бұл ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажетті қасиет деп атап өткенін тілге тиек етті.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібі мен түрлеріне тоқталып өтті.
Жиын барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары 2019-2020 жылдары Шардара ауданында анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына айрықша тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға көлеңкелі қылмыс түріне жол берген азаматтарға көрілетін жазаның қатал екендігін түсіндірді.
Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында облысқа қарасты барлық қала/аудандардың активі мен өңір жұртшылығына ағарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отырады.