Мәдениет, спорт, туризм саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Бүгін «Мәдениет, ақпарат, спорт және туризм кәсіптік одағы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетовтің қатысуымен сала қызметкерлерінің кезектен тыс жиналысы өтті. Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен кәсіп одақтың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарын талқылау жөнінде ұйымдастырылған жиынға Түркістан өңіріндегі республикалық, облыстық мәдениет және өнер, спорт, туризм саласының қызметкерлері қатысты.
Кәсіподақтың жүзеге асыруы тиіс басым бағыттарына тоқталған филиал төрағасы Бастарбек Пірімбетұлы қоғамдық, әлеуметтік тұрғыда да кәсіптік одақтың белсенділігі жоғары болуы маңызды екенін атап өтіп, бірқатар мәселелерге тоқталды.
Жиын барысында өз ісіне аса жоғары жауапкершілікпен аянбай еңбек сіңіріп зейнеткерлік демалысына шыққан бірқатар мәдениет майталмандарына алғыс айтып, арнайы сый-сипаттар табыс етті.
Сонымен қатар, өз саласын өркендету жолында табанды еңбек етіп жүрген мәдениет, спорт, туризм саласының 4 қызметкері министрдің, 8 қызметкер кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды.