Ақеділ арда ағамыз еді...
Қазаның жеңілі болмайды. Кешкілік естіген қаралы хабар тіптен қатты тиді. Есеңгіреп қалдық. Мынау індет іргемізді қақырата сөгіп барады. Соңғы бір-екі айда қаншама қазанаттай азаматтарымыздың, зиялыларымыздың, заңғарларымыздың өмірін жалмап кетті. Енді Түркістан өлкесінің арда азаматы, қоғам қайраткері, ұлттық спорттың шынайы жанашыры Нұрмахан Миятұлы да келместің кемесіне мініп, кете барыпты...
Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының әкімі қызметін абыроймен атқарған, ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі облыстық департаментінің бастығы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болып, елге тынымсыз еңбек еткен Нұрмахан Жолдасов ағамыздан қапияда көз жазып қаламыз деп кім ойлаған?! Таяуда ғана туған күнімен құттықтап, емен-жарқын әңгімелесіп, алдағы армандары туралы да кеңінен толғап еді. Алғаш танысқан сәтімізді еске түсіріп, біраз қалжыңдасып күлген болатынбыз. Ағалық жанашырлықпен ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдарымызға разылығын да білдірді....
Өкінішті өлім, өзекті өртеп жіберер қимас өлім. Бірақ ажалдың айла таптырмайтынын осындай өлімде ғана мойындаймыз. Амал жоқ, тек көңіл айтып, «Иманды болсын, жақсы адам еді, тағы да біраз жасар еді ғой» деп басу айтуға ғана шамамыз келіп тұр.
Саналы ғұмырын елдің өсіп өркендеуіне арнаған жаны жайсаң, жүрегі кең, бауырмашыл, қашан да жақсылық жасауға құштар еркөңіл ағамыз соңына жарқын із, өшпес мұра, өлшеусіз өнеге қалдыра білді.
Алланың бұйрығына амалымыз жоқ. Осы ретте Жолдасовтар әулетіне, отбасына, асыл жеңгеміз Назипа Диясқызына, бауырларымыз - Ержан, Сержан, Нұржанға, аяулы қарындасымыз Аяжанға қайғыра отырып көңіл айтамын. Марқұм ағамыздың топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болғай. Ұрпағын жалғасытарын ұл-қыздарына ұзақ ғұмыр бергей.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
"Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары