Тәжікстанға көмек: Көпшіліктің ашуын туғызған сұраққа министрлік жауап берді
«Қазақстан Тәжікстанға 100 өкпені жасанды желдету аппаратын береді» деген ақпарға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі бүгін мәлімедеме жасап, түсіндіруге тырысты. Аппаратқа өзіміз жарымай отырғанда көрші елге жасалғалы жатқан көмек көпшіліктің ашуын туғызған. Үкімет аталмыш гуманитарлық көмекті жыл соңына қарай жіберетін болып ұйғарған екен. Оған дейін ішкі сұраныс барынша қамтылатынына шенеуніктер сенімді. Ал Түркістан облысындағы көшеде тізіліп тұрған дәрігерлердің флешмобына қатысты ешкім жазаланбайтын болыпты.
Өйткені Денсаулық сақтау министрлігінің өзі оны өткізуге о бастан қарсылық білдірмеген.
Қазақстанда қазіргі уақытта өкпені жасанды желдету аппараттарының 5 мыңдай данасы жетіспейді. Бұл стационарда қолданылатын түрлері. Ал жедел жәрдем көліктерінде қолданылатын, яғни науқастарды ауруханаларға тасымалдауда қажет портативті түрінің 700-ге жуығы қажет. Бұл аппараттарға деген ішкі сұранысын қанағаттандыра алмай жатқанда, біздің Үкімет Тәжікстанға осындай 100 жасанды тыныс алдыру аппаратын жөнелтпек. Денсаулық сақтау вице-министрі оны былай түсіндірді.
Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: - Тәжікстанға өкпені жасанды желдету аппаратына қатысты қоса кетейін. Қазір барлық ел бір-біріне көмектесіп жатыр. Біздің елге де басқа мемлекеттер көмектесіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға өкпені жасанды желдету портатив аппаратын жыл соңына қарай жеткізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл аппарат науқастарды жедел жәрдем көлігімен тасымалдаған кезде пайдаланылады. Оларды Ақмола облысында орналасқан отандық өндірушілер шығарады.
Енді еліміз тәжік ағайындардың алдында ұятқа қалмау үшін Ақмоладағы өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаратын өндірістің қуатын ұлғайтып, жыл соңына дейін ішкі қажеттілікті тұтас қамтып, гуманитарлық көмекті де сайлап қоймақ. Тіпті түрік мамандармен бірлесіп, ол жерде стационарға арналған аппараттарды да шығаруды қолға алмақшы. Ал әзірге еліміз стационарға арналған мұндай өкпені жасанды желдету аппараттарын шетелден алуға мәжбүр.
Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары: - Соңғы екі аптаның ішінде Түркиядан 30 аппарат, Біріккен Араб әмірліктерінен 25 аппарат, грузиялық компаниядан 10 аппарат алдық. Оған дейін Джек Ма қоры да елімізге жасанды тыныс алдыру аппаратын жеткізді. Олардан біз 30 аппарат алдық. Жалпы елімізге 98 жасанды тыныс алдыру аппарат.
Гуманитарлық көмекті бөлу қызметін атқаратын «Фармация» компаниясы екі айлық үзілістен соң, 4-шілдеде бұл міндетке заң жүзінде кірісіпті. Бұған дейін бұл компанияның жұмысы қоғам тарапынан сынға ұшырап, ақыры басшысын президенттің өзі лауазымынан босатқан соң, қазір жаңа жетекшімен өздерінше бір қам қылмаққа әрекеттенуде. Мәселен, енді елімізге келген гуманитарлық көмек қоймаларда ұзақ тұрмайды. Ол үшін шетел көмегін қабылдаудың жаңаша үлгісі де жасалыпты.
Іңкәр Міржақыпова, «СҚ-Фармация» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің басшысы: - Жеткізудің жаңа моделіне сәйкес, гуманитарлық жүк елімізге жіберілмей тұрып, құжаттары алдын ала жөнелтіледі. Соның арқасында гуманитарлық көмекті келе салысымен өңірлерге бөлу жұмысына кірісуге болады. Бұл бастаманы Сыртқы істер министрлігі, кеден қызметі, әуе компаниялары, әуежайлар мен әкімдіктер тарапы бірауыздан қолдап отыр.
Жалпыұлттық аза тұту күні көше бойында қаз-қатар тізілген дәрігерлерге қатысты әлеуметтік желіде жұрт біраз шамданған еді. Онсыз да үй көрмей, ауруханада түнеп жүрген дәрігерлерді бұлайша флешмобқа шығару әбестік деп сынаған көпшілік.
Қайтқан дәрігерлерді еске алу флешмобына Денсаулық сақтау министрлігінің қатысы жоқ болып шықты. Бұл бастамаға елдегі медицина қызметкерлерінің ассоциациясы мұрындық болыпты. «Аталмыш шарада ешқандай әбестік жоқ» - дейді министрлік.
Сондықтан бастамашылардың ешқайсысы жазаланбайды.