Пневмониядан қайтыс болған медбикеның қызы жантебірентерлік жазба қалдырды

Oinet.kz 15-07-2020 12493

Ақтөбе облысы Байғанин аудандық ауруханасының медбикесі Құлай Егеубай 55 жасында өкпе қабынуынан көз жұмды. Өмірінің соңына дейін індетпен күрескен марқұмның қызы облыс әкімінің қолынан анасына берілген "Құрмет" орденін алды.

image.png

Құлай Егеубай медицина саласында 35 жылдан аса еңбек етіп, алты бала тәрбиелеген. 

"Менің анам ақжарқын, көпшіл, кеңпейіл жан еді. Біз есімізді білгелі анамызды тек ақ халатпен көріп келеміз. Мамандығын жақсы көретін. Бір айдың көлемінде ауырды. Өмірінің соңғы екі аптасында дерті асқынып, ауруханаға жатуға тура келді. Қайтар кезден бір күн бұрын ғана видео қоңырау арқылы сөйлестік. Аппаратта жатса да "Жағдайым жақсы" деп бізге ештеңе айтпады. Өмірден өткен анама берілген марапатты қолыма алғанда ерекше сезімге бөлендім. "Осындай адамның қызымын" деп кеудемді мақтаныш кернеді. Әттең тек анам тірі болса ғой", - дейді қызы Әсел Бақытжанқызы.

Отбасы 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Құлай Егеубай елге келгелі Байғанин аудандық ауруханасында еңбек етті. Медбике күміс алқа иегері: бес қыз, бір ұлдың анасы. Кенжесі 19 жаста. Төрт баласын аяққа тұрғызған.

"Бәрімізді де жоғары оқу орнына түсірді, жақсы тәрбие берді. Ең кішкентай сіңілім биыл диплом алуға барайын деп отырған. Інім Нұр-Сұлтан қаласында Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті. 

Анам "ұлымның қызығын көрсем, арманым жоқ" дегенді жиі айтатын. Сол арманына жете алмай кетті. Анамыз айналаларыңа көмектесіңдер, біреумен сөз таластырып ренжіспей, күлімсіреп жүріңдер деп айтып отыратын. Дүние қолдың кірі, қызықпаңдар, абыройлы болуды ойлаңдар деген өсиетін кешегі күнге дейін айтып жүрді", - дейді марқұмның қызы. 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин екі бірдей медицина қызметкерлерінің жақынындарына марқұмдардың атына берілген марапатты табыстады. 

"Осындай қиын қыстау кезеңде біздің дәрігерлер дертпен бетпе-бет келді. Өкінішке қарай, бұл күресте медицина қызметкерлерінен де айрылып қалып жатырмыз. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмірінің соңына дейін борышын өтеген дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап, облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа қайтыс болғаннан кейін "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл еліміз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қасірет",- деді облыс әкімі Оразалин. 

Несиесін төлей алмаған БҚО тұрғыны өзін-өзі өлтіріп, хат жазып кеткен
Алматы полициясы Кенталдың әрекетін адамдардың қайғы-қасіретін мазақтау деп атады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу