Елбасы қазақстандықтарға үндеу жасады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасады.
"Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр.
Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу - Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр.
Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 8 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын айтты.
Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 59 мыңнан асса, оның ішінде, 375 адам қайтыс болған.