Түркістан әкімі: «Басымнан өткен қиындықтар тірі жанға бұйырмасын»
Коронавирус жұқтырып, екі апта бойы аурумен күресіп жатқан Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өзінің денсаулық жағдайы туралы баяндады. Шаһар басшысы қысқа мерзімде қатарын жалмап бара жатқан індеттің салдарын көріп көңілі құлазығанын жеткізді, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Зұлым індетке шалдығып, мен де біраз уақыт араларыңызда бола алмадым. Ең алдымен, жақындары бақилық болған Отандастарыма қайғырып көңіл айтамын. Қысқа мерзімде қатарымызды жалмап бара жатқан мына індеттің салдарын көріп көңілім құлазыды. Алла баршамызға медет болып, қайтыс болған жандарды жәннәттық еткей. Осы екі апта ішінде дұғада болған әрбіріңіздің арқаңызда, Алла қалауымен, ел қатарына қайта оралуға мүмкіндік бұйырып отыр. Тез арада асқынып кеткен аурудан, қолдарынан келгенше, қолдап аман алып қалған дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Осындай заманда әр бір жан үшін ажалмен арпалысуға бар жігерін тынбастан салып жүрген абзал адамдардың мерейі үстем болсын әрдайым! - деген Түркістан әкімі аурудың салдарсыз өтпегенін ашып айтты.
Коронавирусты анықтауға тапсырған соңғы тесті көңіл көншітерлік болмаса да, Аюпов сақтық шараларын орындап, жұмысын жалғастыратынын алға тартты.
- Бірнеше ішкі мүше жұмысын тоқтатып, енді қайта қалпына келтіру қажет болып тұр. Әлі де ұзақ уақыт оңалу шараларын жасаймын бұйырса. Соңғы тест нәтижесі де коронавирустың ағзамнан кете қоймағанын көрсетті. Дегенмен, елге қызмет етуге, мүмкіндігімше, қайта ораламын. Әрине, барлық сақтық шарттарын орындай отыра. Дәл қазір жағдай еш бірімізге де оңай болып тұрған жоқ. Біртіндеп, бірігіп, жағдайды қайта жақсартып аламыз деп сенемін. Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Осы ретте, барынша сақтық шараларын орындау қажеттілігін тағы бір мәрте естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Ең маңыздысы: бетперде, достар! Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, “сақтанғанды сақтайды” демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық! - деп ағынан жарылды Рашид мырза.
Сондай-ақ, қала әкімі кәсіпкерлерге өтініш жасады. "Елімізде орын алып тұрған жағдайды бәріміз де көріп отырмыз. Жоққа шығаруға тырысудың, көз жұма қараудың еш мәнісі болмаған, қазір де жоқ. Сіздерге деген үлкен өтініш: қиын қыстау заманда елімізге бірігіп қол ұшын созайық. Біздің қолдан келмегенді сіздер жасай аласыздар.
- "Халқым үшін бармын!”, “Қолдауға шамам жетеді!” дегендеріңізді жекеге жазуларыңызды өтінемін. Қазір қандай да көмек маңызды!", - дейді Түркістан басшысы.