Атақты Сабыр емші қайтыс болды
Үмітсіз деген талай науқастың аяқтан тік тұруына жәрдем беріп жүрген семейлік Сабыр Сыбанжанов (суретте) туралы бүкіл қазақ елі біледі.
Дәрігерлік білімін Шығыс медицинасымен ұштастырған бұл азаматты көпшілік диагнозды дәл қоятындығымен де жақсы таниды.
«Мен тамыр ұстаған кезде көздерім автоматты түрде тарс жұмылады. Сосын науқастың тұлабойы түгел, әрбір тамыры, жүйке талшығына дейін қалай жұмыс атқаратынын сезіп-білемін. Дұрыс қойылған диагноз аурудың 50 пайызға емделетінін білдіреді. Ары қарай ем-шара дұрыс жүргізілсе, толықтай жазылуға жол ашылады», – деген ол.
Шынында да, оның саусағы білекке тигеннен сырқатты сканер сияқты толық анықтай алатынына куә болғандар көп. Асқазандағы жараның, бүйректегі тастың көлемі, мидағы тамырдың тарылып, омыртқадағы жүйке талшығының нақты қай тұста қысылғанына дейін тап басқанын да айтып жүретін жұрт. Сабыр Сейітқанұлы келушілерді ине салу, магниттік терапия, отпен емдеу, шөппен қыздыру, нүктелік массаж бен гуашатерапия тәсілдерімен емдеген.
Сабыр Сыбанжановтың медицина саласында еңбек етіп келе жатқанына 34 жыл болыпты. Ал тамыр ұстаудағы ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі жол апатына түскеннен кейін анықталған екен. Өзі де жыл сайын түрлі шет мемлекеттерде болып, олардың адам емдеудегі озық үлгілерін меңгеруді әдетке айналдырған жан. Енді міне, жұрттың жанына араша боламын деген атақты емшіні Аллам о дүниеге де керексің дегендей ортамыздан алып кетті. Туыс-туғандары мен қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамыз.