Әкімдердің рейтингісін зейнеткерлер бастады

Oinet.kz 18-06-2020 1047

Әкімдердің рейтингісін жасау тағы бір ұйым айналыса бастады. Дәлірегі жариялай бастады. Медиялық технологиялар орталығы аналитикалық қызметі деп аталатын ұйым Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің мамыр айындағы рейтингісін шығарды. 

image.png

Жалпы әкімдердің рейтингісі десе, елдің елең ете қалатыны рас. Ал енді ол рейтингтің қандай еңбекпен жасалғаны, қаншалықты құлаққа қонатыны туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Алдымен рейтингтің өзіне тоқталсақ.  

Рейтингте сарапшылар бірінші орынды   Амандық Баталовқа беріпті. А.Баталов басшылық ететін Алматы облысының соңғы кездері үздік болып тұрғаны рас. Уақтысында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де Баталов сияқты жұмыс істеу қажеттігін айтқаны есте қалыпты. Баталовтан басынан сол кездердегі бақ-дәулет әлі кеткен жоқ. Облыс басшысының жасы биыл 68-ге келеді.  Зейнет жасынан бақандай 5 жылға асып кетсе де Баталов қызметінен ғана емес, абырой-беделінен айырылған жоқ. Сондықтан дәл қазір Баталовты қалай мақтасаңыз да, кімге үлгі етсеңіз де  жараса беретіні рас.  

Рейтингтегі екінші орынды да зейнет жасындағы әкім иеленді. Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне биыл ақпанда келгені белгілі. Сарапшылардың жазуынша, Әулиеата жеріне келген соң Сапарбаев  «Авдийдің қорасын тазалауды бастапты». Бекең өзіне дейінгі әкімдердің былық-шылығын тазалап жатыр дегенді айтқысы келген шығар. Өңірдегі біраз олқылықтарды атап өткен сарапшылар қай жерді ретке келтіру қажет болса, сол жерге Сапарбаевтың жіберілетінін де тілге тиек етіпті. Алайда Жамбыл облысының рейтингісі Сапарбаевқа дейін-ақ жоғары болғанын ұмытпау керек. Қаңтарда сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жоғары баға алғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Жамбыл жеріне келгелі қай кезде де іскерлігімен танылған Сапарбаевтың жақсы бастамаларды қолға алғаны рас. Бірақ Сапарбаевтың мақтауын келістіру үшін бұрынғы әкімдердің еңбегін жоққа шығарудың қажеті бар ма еді? 

Үздік үштікті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек түйіндепті. 

Мақтаулы әкімдердің қатарында жүретін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ортадан төмен (13-інші) орын алды. Сарапшылардың айтуынша, мамыр айын Шөкеев табиғи апат салдарымен күресуге арнады. 

image.png

Ұйымның келтірген мәліметтеріне қарағанда, Өзбекстанның Сардоба су қоймасындла болған апаттан кейін Түркістан облысы  Мақтаарал ауданында 5 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Шөкеев үйлері су басқан әр тұрғынға 100 мың теңгеден беруге уәде еткен. Ал бірақ үйлерді қалпына келтіру туралы жұмған аузын ашпапты.  Бұл жұмыстарды президент пен үкіметке қалдырыпты.  Алайда Мақтааралдағы су тасқынына қатысты мәліметтерге келген кезде  сарапшылар «мұрындарына иіс бармайтындықтарын» байқатып алғанға ұқсайды. Бұған дейін Түркістан облысы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, үйін су басқан 6127 тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы берілуде. Осы жөніндегі ұсынысты үкімет отырысында тікелей Шөкеевтің өзі берді. Ресейде тұратын өзбек миллиардері Әлішер  Усмановтың қоры зардап шеккен мақтааралдықтарға арнап 5,2 миллион АҚШ долларын аударғаны белгілі. Бұл дегеніңіз  2,3 миллиард теңге. Қаражат  апат кезінде қауіпсіз аймаққа көшірілген 30 420 адамды (сарапшылар айтқандай 5 мың адам емес)  құрайтын 5202 отбасының әрқайсысына 1000 АҚШ долларынан үлестірілуде. 

Ал су басып, баспаналар толық бүлінген  Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендері қалпына келтірілмейді. Зардап шеккен тұрғындарға  арнап аудан орталығы Мырзакенттен 425 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үшін 50 гектер жер бөлінген. Оның 235 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үйдің 150-ін миллиардер Болат Өтемұратовтың қоры салмақ. 20 үйді «Біз Біргеміз» қоры мойнына алса,  20 үйді «Салиқалы ұрпақ» қоры тұрғызып жатыр. 

image.png

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлі апат аймағына ат басын  бұрған жоқ. Премьер Асқар Мамин Мақтаарал өңіріне оншақты күннен кейін барды. 

Бір қызығы, 13 өңірдің әкімі 13-ші орын алса, 17-інші өңір-Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновке сарапшылар 17-ші орын беріпті. Әйтеновтың әкімдердің командасына қосылғанына енді бес ай толады. Сондықтан оның рейтингте төмен орын алуына таңқалуға болмайды. 

Ал өңір әкімдерінң рейтингісіне қатысты Үкіметтің өзі не дейді? Жуырда Үкімет 5 айды қорытындылады. Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. 

Осы жиынан таратылған ресми ақпаратқа қарағанда, негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық өсу қарқыны Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарында қамтамасыз етілген, орташа республикалық мәндерге Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қол жеткізілді, кейбір көрсеткіштер бойынша республикалық деңгейден төмен өңірлер — Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Үкімет басшысы өңірлердің экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, отандық өндірісті барынша қолдау, инвестициялар тарту, экспортты ілгерілету, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін барлық  шараларды белсенді түрде қабылдау қажеттігін атап өтті. 

Бұған дейін айтылғандай шілденің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Әкімдердің шынайы рейтингісін осы отырыстан кейін білетін боламыз. 

Есбаев отставкіге арыз жазады
Киелі өңірдің ерікті жастары мұқтаж жандарға көмек көрсетуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу