Нарымбетов шымкенттіктерді праймеризге қатысуға шақырды
Oinet.kz тілшісі хабарлайды - Кеше Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 17 тамыз бен 3 қазан аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойғаны белгілі.
- Біраз уақыттан бері праймериз өткізу тәсілі партия ішінде қызу талқыланды, халықаралық озық тәжірибелер жан-жақты қарастырылды. Бүгін Саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. Жер жаһанды жайлаған пандемия жағдайында жаңа технологиялар сайлау процестерінде де орын алмақ. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр. Алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Бұл келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге көбірек мән беретін әйел-қыздарды көптеп көретіндігіміздің кепілі, - деп жазды фейсбуктегі парақшасында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Бірінші орынбасардың айтуынша, елдің басына ауыр күн туған кезде, мысалы Арыс трагедиясы, Мақтаралдағы су тасқыны, пандемияға байланысты қаладағы карантин режімінде көптеген дархан мінезді азаматтар нұротандықтармен бірге бір сапта халыққа көмектесуге атсалысты.
- Себебі бәрімізде бір мүдде, бір мақсат болды, ол халықтың ауырын жеңілдету, мұқтаждарға көмек беру! Алдағы уақытта да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысамын және елім үшін қызмет етемін деген белсенді азаматтарды праймеризге қатысуға шақырамыз. Біз бәсекеге қабілетті, жігерлі азаматтарды елдің дамуына септігін тигізетін, қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемалар бойынша бағдарламаларды ұсынып, партия қатарына қосылуға шақырамыз. Елге бірге қызмет етейік! - дейді Нарымбетов.
Праймериз – партияішілік таңдау тәсілі - көптеген дамыған елдерде қолданылып отырған тәжірибе. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірбиесі Еуропа, Азия, Америка елдерінде бар. Бүл тәсілді елімізде алғашқы болып «Nur Otan» партиясы енгізуде.
Бұған дейін белгілі болғандай, алда өтетін сайлауда Мәжіліспен бірге мәслихаттар да партиялық тізім бойынша жасақталады.