Шымкентте қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 17 жастағы жеткіншектің соңғы сөзі
Түркістан облысы, Ленгер ауданындағы 17 жастағы жеткіншек Абзал Өткіровтің өлімі жақындарының қабырғасын қайыстырды. Жалғыз асыраушымыздан айрылдық деген мүгедек ағасы қандықол қылмыскерлердің жазасыз қалмауын талап етіп отыр, деп хабарлайды Oinet.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Інісінен қапияда айырылып қалған Алмас Өткіров тергеу істерінде шикіліктің бар екенін алға тартады.
"Істің жылы жабылып қалғанын қаламаймыз. Сондай-ақ тергеу істерінің 106 баппен емес, 99 бап бойынша қаралғанын талап етеміз. Алғашында өлімші етіп сабау бабы бойынша іс басталған еді, кейіннен тергеушілер 106 баптың үшінші тармағына ауыстырды. Мен Қылмыстық кодекстің 99-бабына (адам өлтiру) сәйкес 5-7 тармағымен (аса қатыгездiкпен жасалған, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыс) кінәлілер қатаң жазаланса екен деймін. Бірақ мені құзырлы органдар тыңдамай отыр", - деген марқұмның ағасы қандықол қылмыскерлерді сырттай ғана танитынын айтады. Оның сөзінше, көрші ауылдың жігіттері, жастары өзінен кіші және бұрын ешқайсысын бетпе-бет көрмеген.
Сол түнгі оқиғаны Алмас егіліп есіне алады:
"Сол күні кеште ауызашарда "тағы бір күн шыдасақ, оразаның соңғы күні" деп айтқаны бар. Инста парақшасында да соңғы салған жазбасында "Өлмей тұрып ораза ұстап алайыншы" деген екен. Сол бауырым достары хабарласқан соң, үйден шығып кетіп еді", - деп көзіне жас алған Алмас Өткіров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.
"Құрметті президент мырза, осы істі өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз. Тергеу ісіне ешқандай қысым көрсетілмеуін қалаймын. Өйткені ұрған баланың туған ағасы - Шымкент қаласында мәслихат депутаты. Ол кісі жағынан да тергеу ісіне қысым болмаса екен. Барлығы қатаң түрде жазаланса екен. Інімнің басынан шлакоблокпен ұрған сол депутаттың інісі. Ол қылмысын өзі де мойындап отыр", - деген Алмас басты күдікті ретінде 3-4 бала ғана тергеліп жатқанын айтып налиды.
Оқиғаға куәгер болған достарының айтуынша 20 шақты жігіт жабылған. Алмастың сөзіне сенсек, інісі қайтқалы бері депутаттың інісі жағынан бір де бір адам кешірім сұрап келмеген. Тек 3-4 баланың ата-анасы келіп кешірім сұрағанын айтады.
"Шынымызды айтсақ, тергеу жұмыстарына осыған дейін жақсылап араласа алмадық. Он күн бойы комада жатқан інімнің қасында болдым. Өте қиын болды. Енді бұл тергеудің түбіне жетпей тоқтамаймын. Президент болсын, бас прокуратура болсын барлық жерге барамын. 21 ғасырда, тәуелсіз мемлекетте алаңсыз жүреміз дегенде жалғыз бауырымды, біздің жалғыз асыраушымызды аса қатыгездікпен өлтіріп отыр", - деп егілген Алмас өзінің бірінші топтағы мүгедек екенін айтады.