Қостанайда ер адамнан зорлық көрген қыз айыппұл төлейді
Қостанайлық бойжеткенге интимді ұсыныс жасап, оны ұрып-соққан ер адамның жасаған ісі елді дүр сілкінткені анық. Жігіт ұсыныстан бас тартқан қызды ұрып-соғып, басына ауқымды зақым келтірген. Жағдай 10 мамырда орын алған. Жеңіс күнін тойлағысы келген бір топ ер адамдар жекежай жалдап, таныс қыздарын қонаққа шақырған. Түнгі 3-те отырысқа қосылған үш арудың бірін жыныстық қатынасқа тартпақ болған жігітке көнбеген соң, оны ұрып-соққан, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
- "Мен ешқашан да зорлық-зомбылықтың құрбаны болмадым. Сондықтан да полицияға жүгініп отырмын. Ал, жігіттің тарапы мені қорқытып, мәселені ақшамен шешуге тырысуда. Мені ақша қызықтырмайды. Мен тек әділдік орнауын қалаймын", - дейді жәбірленуші Лаура Сүндет.
Қазір аруға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның жарақатының деңгейі анықталу үстінде. Ал күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Жігіт өз кінәсін мойындаған жоқ. Көңілді кешке қатысқан қалған адамдардың барлығы төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- "Бұл қылмыстық іс полиция департаментінің қадағалауында. Бұған қоса, зардап шеккен 22 жастағы қызға психологтар көмек көрсетіп, онымен жұмыс істейтін болады", - дейді Нұрлан Арыстанов, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы.