Журналистер су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетті

Oinet.kz 08-05-2020 1401

Screenshot_1.jpg

Мақтаралдағы  су тасқынынан зардап шеккендерге еліміздің барлық өңірінен қол ұшын созуға асығып, көмек беріп жатқан жанашыр жандар аз емес.  Осындай жағдайда өңірдің  журналистері де бей-жай қарап отырмай, нақты істермен көзге түсті.  Олар тек  шынайы ақпарат таратып, кәсіби міндетін атқарумен шектелместен  сын сағатта теңіздің тамшысындай болса да  көмегін тигізуді жөн санады. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының бір топ журналистері ойласа келе ортадан 500 мың теңгеден астам қаражат жинап, Мақтаралдың жұртшылығына қолынан келгенше жәрдемін берді.   

Screenshot_3.jpg

Screenshot_2.jpg

Атап айтқанда, эвакуациялық пункттер мен еріктілер штабының жұмысымен етене танысқан тілшілер    қасиетті Ораза айының жұма күні ниет етіп,  құрбандық шалды. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ел-жұрт ризашылығын жеткізді.  Бұдан соң Атакент ауылындағы  Қаныш Сәтбаев атындағы мектепке табан тіреген тілшілер тобы  қашықтан оқып, білім алып жатқан  оқушыларға заманауи теледидар тарту етті. 

Screenshot_5.jpg

Ұлы Жеңіс күні мерекесіне сай келгендіктен, журналистер   Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте тұратын ҰОС ардагері Саидмұрат Күзжановтың  үйіне арнайы құттықтап барды. Қазір  ардагерлеріміз  саусақпен санарлықтай сиреген. Осыдан 10 жыл бұрын Ұлы Жеңістің 65 жылдығын  облыста 1500-ден астам ардагер қарсы алса, қазір  Шымкент пен Түркістан  өңірінде  80, соның ішінде  Мақтарал ауданы бойынша небәрі 3 ардагер ғана  қалған. Мереке күні қарт майдангерге сый-сияпат жасаған журналистер  ақсақалдың батасын алды. 

 Сын сағатта журналистер қауымы өз әріптесіне де жанашырлық танытып, көмек көрсете білді. Су тасқынынан зардап шеккендердің қатарындағы Өргебас ауылының тұрғыны, Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековке қаржылай қолдау көрсетілді.  

Осылайша, ел басына қауіп-қатер төнген тұста халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын  журналистер қауымы бірліктің үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұштарын созды.   Осынау игілікті істердің атқарылуына  Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы,  «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай ұйытқы болды. Әріптестердің қолдауына сүйенген ол елмен жүздесіп, ардагерді құттықтау барысында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Бейсенғазыұлы Матаев пен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы  Дархан Қуандықұлы Қыдырәлінің дұғай  сәлемі мен ыстық ықыласын, Мақтарал жұртына  деген риясыз көңілдерін жеткізді.

Карантинге байланысты Еркенің гонорары 7000-нан 5000 долларға түсті
Мақтаарал: Мырзакент елдімекенінен жаңадан 500 үй бой көтереді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу