Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының медицина саласының дамуына зор ықпал еткен Мұқан Егізбаев бүгін дүниеден өтті деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Өмірінің соңғы жылдары Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып, күні кеше қызметінен өз еркімен кеткен Мұқан Кеңесбекұлының есімі елге кеңінен танымал. Оның тұсында өңір медицинасы жоғары деңгейге көтеріліп, дертіне дауа іздеген талай жан Алматы, Нұр-Сұлтан, шетелге сабылмай, өзімізде емделе бастады. Іскер басшы, мықты менеджер бола білген Мұқан Кеңесбекұлы аймақтағы ауруханаларды соңғы медициналық технологиялармен жабдықтап, бірнеше ондаған жылдардан бері жөндеу көрмеген емдеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізді. Шетелден білікті мамандар шақыртып, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмастырды. Қысқаша айтқанда, оның еңбегі ұшан-теңіз.
Оның қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, Мұқан Егізбаев 1962 жылы 23қазанда Сайрам ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы педиатр-дәрігер, экономист, жоғары санатты денсаулық сақтауды ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-ординаторы болып бастаған.
1988-2008 жылдары Шымкент қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі, бас дәрігері, облыстық дерматовенерологиялық диспансерінің бас дәрігері, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарған.
2008 жылғы қыркүйек айынан 2017 жылдың қаңтары аралығында облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті.
2017-2018 жж Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2018-2020 жж Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.
Мұқан Кеңесбекұлы 41 ғылыми еңбектің авторы. 1998 жылы Гигиена мамандығы бойынша медицина ғылымының кандидаты атанған. Ал, 2005 жылы қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтау мамандығы бойынша медицина ғылымдарының докторы атағы берілген.
Oinet.kz ұжымы Мұқан Егізбаевтың отбасына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.