Ақпарат министрі қате ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады
ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қате ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.
- Қазақстанда дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаржының жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асады. Оны жақсы білесіздер. Бұл шығындар республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге және инфрақұрылымдық облигацияларға қаражат тарту есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қордың кепілдендірілген трансферті 1 триллион 825 миллиард теңгеге дейін артады. Коронавирус жағдайына байланысты өткен алғашқы брифингтердің бірінде мен Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмайтынын айттым. Бұл - қате ақпарат. Мен оны әдейі таратқан жоқпын. Сол үшін кешірім сұраймын, - деді Дәурен Абаев.